Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

ҚР Салық кодексi
212-бап. Бейрезиденттiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алған табыстарын салық салудан толық босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртiбi



Ст. 212 ҚР Салық кодексi N 99-IV от 10.12.2008 жылғы




1. Егер бейрезидент халықаралық шарт жасасқан елдің резиденті болып табылса, мұндай бейрезидентке табыс төлеу кезінде немесе бейрезиденттің есептелген, бірақ төленбеген табысын шегерімге жатқызу кезінде салық агентінің салық салудан босатуды дербес қолдануға құқығы бар. 

2. Осы бапта белгіленген халықаралық шарттың ережелерін қолдану тәртібі осы Кодекстің 212-1, 212-2, 213, 214 және 215-баптарында халықаралық шарттың ережелерін қолдану тәртібі белгіленген табыстарды, сондай-ақ осы Кодекстің 197-бабында айқындалған табыстарды қоспағанда, осы Кодекстің 192-бабында көзделген бейрезиденттің табыстарына салық салуға қатысты қолданылады. 

3. Бейрезидент осы Кодекстің 219-бабының 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін, резиденттікті растайтын құжатты салық агентіне табыс еткен кезде халықаралық шарт қолданылады. 

Бұл ретте резиденттікті растайтын құжатты бейрезидент салық агентіне осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, бірінші болып басталатын мына күндердің бірінен: 

1) бейрезидентке кіріс төленген немесе бейрезиденттің төленбеген кірістері шегерімге жатқызылған, осы Кодекстің 148-бабына сәйкес айқындалған салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан; 

2) төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша салық міндеттемесін орындау мәселесі бойынша жоспарлы салықтық тексеру жүргізілген күнтізбелік жылда аяқталатын, бейрезидентке табыс төленген тоқсанды мұндай салықтық тексеруді жүргізудің басталуынан; 

3) төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша салық міндеттемесін орындау мәселесі бойынша жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізілген күнтізбелік жылда аяқталатын, бейрезидентке табыс төленген тоқсанды мұндай салықтық тексеруді жүргізу аяқталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей табыс етеді. Жоспардан тыс салықтық тексерудің аяқталған күні нұсқамаға сәйкес айқындалады. 

4. Егер бейрезидент Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құруға әкеп соқпайтын мерзім шегінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметтер көрсеткен немесе жұмыстар орындаған жағдайда, халықаралық шарттың ережелерін қолдану мақсатында бейрезидент заңды тұлға осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжатпен бірге салық агентіне құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелерін не құрылтайшыларды (қатысушыларды) және бейрезидент заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлерін көрсете отырып, сауда тізілімінен (акционерлер тізілімінен немесе бейрезидент тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжаттан) үзінді көшірмелерді табыс етеді. 

Бейрезиденттің шет мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес құрылтай құжаттары немесе сауда тiзiлiмiнде (акционерлердiң тiзiлiмiнде немесе бейрезидент тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжатта) тiркеу бойынша мiндеттемесі болмаған жағдайда, мұндай бейрезидент салық агентіне бейрезидентті құруға негiз болған, құқықтық (заңдық) күшін мұндай бейрезидент тіркелген шет мемлекеттiң тиiстi органы растаған шет мемлекет құжатын (актісін) табыс етеді. 

Салық агенті табыс етілген құжаттардың және қызметтер көрсетуге немесе жұмыстар орындауға арналған шарттың (келісімшарттың) негізінде бейрезиденттің осындай шарттың (келісімшарттың) және олар болған кезде байланысты жобалардың шеңберінде қызметтер көрсету немесе жұмыстар орындау нәтижесінде тұрақты мекеме құру фактісін айқындайды. 

Бейрезиденттің Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құру фактісі анықталған кезде, салық агенті Қазақстан Республикасында бейрезиденттің табыстарын салық салудан босату бөлігінде халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы емес. 

5. Егер Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құруға әкеп соқпайтын мерзім шегінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметтер көрсету немесе жұмыстар орындау бірлескен қызмет туралы шарттың шеңберінде жүзеге асырылатын болса, онда осындай шартқа қатысушы болып табылатын бейрезидент заңды тұлға халықаралық шарттың ережелерін қолдану мақсатында осы баптың 3 және 4-тармақтарында көрсетілген құжатпен қатар салық агентіне бірлескен қызмет туралы шарттың немесе бірлескен қызметке оның қатысу үлесін растайтын өзге құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін табыс етеді. 

Егер бейрезидент осындай шарттың (келісімшарттың) және байланысты жобалардың шеңберінде қызметтер көрсету немесе жұмыстар орындау нәтижесінде тұрақты мекеме құрмаған жағдайда, салық агенті бейрезидент заңды тұлғаның табысына бірлескен қызмет туралы шартта көрсетілген бірлескен қызметке оның қатысу үлесіне барабар халықаралық шарттың немесе бірлескен қызметке оның қатысу үлесін растайтын өзге де құжаттың ережелерін қолдануға құқылы. 

6. Салық агенті салық органына табыс етілетін салықтық есептілікте бейрезидентке есептелген (төленген) және халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес ұсталған, салық ұстаудан босатылған табыстар сомасын, табыс салығының мөлшерлемелерін және халықаралық шарттардың атауларын көрсетуге міндетті. 

Бұл ретте салық агенті өзі орналасқан жердегі салық органына осы Кодекстің 219-бабы 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін, бейрезидент салық төлеушінің резиденттігін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынуға міндетті. Мұндай құжаттың көшірмесі төртінші тоқсанға салық есептілігін ұсыну үшін белгіленген күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірілмей ұсынылады. 

7. Халықаралық шарттың ережелері заңсыз қолданылып, бұл мемлекеттік бюджетке салықтың төленбеуіне немесе толығымен төленбеуіне әкеп соққан кезде салық агенті Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. 

Ескерту. 212-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.21 № 467-IV (2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.12.26 N 61-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 432-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 15-баптан қараңыз); 30.11.2016 № 26-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


Статья 1 ...210 211 212 212-1 212-2 ...688 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 212-бап ҚР Салық кодексi N 99-IV от 10.12.2008 жылғы