Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Печать

ҚР Салық кодексi
331-бап. Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасындағы мүлікті өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс

Ст. 331 ҚР Салық кодексi 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VІ ҚРЗ


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 12.04.2018

1. Жеке тұлғаның мүлікті өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс мынадай мүлікті өткізген кезде туындайды: 

1) меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған тұрғынжайлар, саяжай құрылыстары, гараждар, жеке қосалқы шаруашылық объектілері; 

2) меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, гараж салу болып табылатын, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілер орналасқан, меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған жер учаскелері және (немесе) жер үлестері; 

3) меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық, бақ шаруашылығын жүргізу, гараж салу болып табылатын, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілер орналаспаған, меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған жер учаскелері және (немесе) жер үлестері; 

4) осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілмеген, Қазақстан Республикасының аумағындағы, нысаналы мақсаты бар жер учаскелері және (немесе) жер үлестері; 

5) Қазақстан Республикасының аумағындағы инвестициялық алтын; 

6) осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілгенді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлік; 

7) бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған, Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік құралдары және (немесе) тіркемелер; 

8) эмитенттері Қазақстан Республикасында тіркелген бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары (базалық активті сатып алу немесе өткізу арқылы орындалатын туынды қаржы құралдарын қоспағанда), Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестері.  

2. Осы баптың 1-тармағының 1) – 7) тармақшаларында көрсетілген мүлікті өткізу кезінде мүлікті өткізу бағасы (құны) мен оны сатып алу бағасы (құны) арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. 

Осы тармақтың ережелері осы баптың 5, 6 және 7-тармақтарына сәйкес айқындалатын өтеусіз алынған мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріске қолданылмайды.  

3. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу арқылы сатып алынған жылжымайтын мүлік өткізілген жағдайда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бағасы арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. 

4. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесті талап ету құқығын басқаға беру нәтижесінде сатып алынған жылжымайтын мүлік өткізілген жағдайда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен салық төлеуші тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесті талап ету құқығын сатып алған құн арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. 

5. Жеке тұлға осы баптың 1-тармағында көрсетілген, бұрын осы Кодекстің 681-бабының 2-тармағына сәйкес өтеусіз алынған мүлік түрінде салық салу объектісіне енгізілген немесе бұрын осы Кодекстің 238-бабына сәйкес өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріс айқындалған мүлікті өткізген жағдайда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен өтеусіз алынған мүліктің бұрын кіріске енгізілген құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. 

6. Жеке тұрғын үйді өткізетін тұлға салған жеке тұрғын үй, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 1) – 7) тармақшаларында көрсетілген, мұра, қайырымдылық көмек түрінде алынған мүлік өткізілген жағдайларда (осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда), мүлікті өткізу бағасы (құны) мен меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін мүліктің нарықтық құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. 

Бұл ретте мұндай нарықтық құнды салық төлеуші осындай мүлік өткізілген салықтық кезең үшін жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыруға белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс. Осы тармақтың мақсатында Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн нарықтық құн болып табылады. 

7. Осы баптың 6-тармағында көрсетілген жағдайда осы баптың 1-тармағының 1) – 7) тармақшаларында көрсетілген өткізілген мүлікке меншік құқығы туындаған күнге айқындалған нарықтық құны болмаған кезде не нарықтық құнды айқындаудың осы баптың 6-тармағында белгіленген мерзімі сақталмаған кезде, сондай-ақ осы баптың 6-тармағында көрсетілмеген, мүлікті сатып алу бағасы (құны) болмаған басқа да жағдайларда, мыналар құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады: 

1) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мүлік бойынша – мүлікті өткізу бағасы (құны) мен бағалау құны арасындағы оң айырма. Бұл ретте "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы өткізілген мүлікке меншік құқығы туындаған жылдың 1 қаңтарына мүлік салығын есептеу үшін айқындаған құн бағалау құны болып табылады; 

2) осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген мүлік бойынша – мүлікті өткізу бағасы (құны) мен жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құны арасындағы оң айырма. Бұл ретте мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы неғұрлым кеш күндердің біріне: 

жер учаскесіне меншік құқығы туындаған күнге; 

жер учаскесіне меншік құқығы туындаған күннің алдындағы соңғы күнге айқындаған құн кадастрлық құн (бағалау құны) болып табылады; 

3) осы баптың 1-тармағының 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген мүлік бойынша – осындай мүлікті өткізу бағасы (құны). 

Тұрғын емес үйді (ғимаратты) өткізетін, дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлға салған тұрғын емес үйді (ғимаратты) өткізген кезде осындай мүлікті өткізу бағасы (құны) мен осындай тұрғын емес үйді (ғимаратты) салу үшін сатып алынған жер учаскесінің құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.  

Кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын, бұрын тұрғын үйден (ғимараттан) реконструкцияланған тұрғын емес үй (ғимарат) өткізілген жағдайда, осындай мүлікті өткізу бағасы (құны) мен оны тұрғын үй (ғимарат) ретінде сатып алу құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.  

8. Жеке тұлға осы баптың 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген, бұрын осындай тұлға Қазақстан Республикасының аумағына әкелген мүлікті өткізген жағдайда, мыналар оны сатып алу бағасы (құны) болып табылады: 

1) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағынан әкелінген механикалық көлік құралдары және (немесе) тіркемелер бойынша – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағында механикалық көлік құралының және (немесе) тіркеменің сатып алынғанын растайтын шартта (келісімшартта) немесе өзге құжатта көрсетілген баға (құн) мен тауарларға арналған декларацияда көрсетілген және осындай механикалық көлік құралдарын және (немесе) тіркемелерді әкелу кезінде төленген қосылған құн салығы мен акциздің сомалары; 

2) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағынан әкелінген механикалық көлік құралдары және (немесе) тіркемелер бойынша – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында механикалық көлік құралының және (немесе) тіркеменің сатып алынғанын растайтын шартта (келісімшартта) немесе өзге құжатта көрсетілген баға (құн) мен импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі салық декларациясында көрсетілген және осы Кодексте белгіленген тәртіппен төленген қосылған құн салығы мен акциздің сомалары. 

9. Осы баптың 1-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген мүлікті өткізу кезінде мыналар құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады: 

1) сатып алу (салым) бағасы (құны) болған жағдайда – өткізу бағасы (құны) мен оны сатып алу (салым) бағасы (құны) арасындағы оң айырма. Жеке тұлға опцион бойынша сатып алған бағалы қағаздарды өткізу кезінде сатып алу құны опционды орындау бағасы мен опционның сыйлықақысы мөлшерінде айқындалады; 

2) мүлікті сатып алу (салым) бағасы (құны) болмаған жағдайда – мүлікті өткізу бағасы (құны). 

Ескертпе.  

Осы баптың және осы Кодекстің 333-бабының мақсатында заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген, бірақ нақты енгізілген салым мөлшерінен аспайтын құн жарғылық капиталға салым құны болып табылады.

Статья 1 ...329 330 331 332 333 ...773

Перейти к статье






Добавить комментарий к 331-бап ҚР Салық кодексi 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VІ ҚРЗ