Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< Ұлттық әл-ауқат қоры туралы

Ұлттық әл-ауқат қоры туралы
8-бап. Қордың директорлар кеңесі



Ст. 8 Ұлттық әл-ауқат қоры туралы 2012 жылғы 1 ақпандағы № 550-IV



1. Қордың директорлар кеңесі жалғыз акционер сайлайтын төрағадан және мүшелерден тұрады.

2. Лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қордың директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады.

Қордың директорлар кеңесінің құрамы Қазақстан Республикасының Үкіметі мүшелерінің арасынан, Қордың басқарма төрағасынан, тәуелсіз директорлардан және өзге де адамдардан қалыптастырылады.

Директорлар кеңесінің сандық құрамы Қордың жарғысымен айқындалады, бұл ретте тәуелсіз директорлардың саны директорлар кеңесі сандық құрамының бестен екі бөлігінен кем болмауға тиіс.

3. Қордың директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне мынадай мәселелер:

1) Қордың даму жоспарын бекіту;

2) Қордың даму жоспарының орындалуы жөніндегі есептерді әзірлеу, бекіту, оларға мониторинг жүргізу, олардың іске асырылуын бағалау, беру тәртібін, сондай-ақ оның мазмұнына қойылатын талаптарды айқындау;

3) Қордың даму жоспарының орындалуын бақылау мен талдауды, іске асырылуын бағалауды жүзеге асыру;

4) Қордың даму жоспары шеңберінде Қор қызметінің негізгі көрсеткіштерін айқындау;

5) Қордың жылдық бюджетін әзірлеу, бекіту, орындау және оған мониторинг жүргізу тәртібін бекіту;

6) Қордың жылдық бюджетін бекіту;

7) осы Заңмен тарату, қайта ұйымдастыру туралы шешім Қордың жалғыз акционерінің құзыретіне жатқызылған компанияларды қоспағанда, компанияларды тарату, қайта ұйымдастыру туралы шешімдер қабылдау;

8) акцияларды орналастыру (сату) туралы, оның ішінде жария етілген акциялардың саны шегінде орналастырылатын (сатылатын) акциялардың саны, оларды орналастыру (сату) тәсілі мен бағасы туралы шешім қабылдау;

9) акцияларды қоспағанда, орналастырылған бағалы қағаздарды Қордың құнын төлеуі және олардың құнын төлеу бағасы туралы шешім қабылдау;

10) Қордың саясаттарын: тәуекелдерді басқару, қайырымдылық көмек жөніндегі, әлеуметтік жауапкершілік туралы, ақпаратты ашу, кредиттік, индустриялық-инновациялық және өзге де саясаттарын бекіту;

11) Қордың аудитін жүзеге асыратын аудиторлық ұйымды және жылдық бюджетті бекіту шеңберінде оның қызметтеріне ақы төлеудің шекті мөлшерін айқындау;

12) мәселелерді жалғыз акционердің қарауына шығару туралы шешім қабылдау;

13) тәуелсіз директорларға сыйақылардың мөлшері мен оларды төлеу шарттарын айқындау;

14) Қордың штат санын бекіту;

15) Қордың директорлар кеңесі жанынан комитеттер құру туралы шешімдер қабылдау;

16) басқарманың сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, басқарма мүшелерін сайлау, сондай-ақ Қор басқармасының төрағасын қоспағанда, олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;

17) басқарма төрағасы мен оның мүшелерінің лауазымдық жалақыларының мөлшерін және еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы беру шарттарын айқындау;

18) ішкі аудит қызметінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысын тағайындау, сондай-ақ оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметі қызметкерлеріне еңбекақы мен сыйлықақы мөлшерін және оларды төлеу шарттарын айқындау;

19) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін іске асыру мақсатында бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында орналастырылатын Қор тобына кіретін ұйымдар акцияларының бағасы, саны, орналастыру құрылымы туралы шешім қабылдау;

20) Қордың ішкі қызметін реттейтін құжаттарды бекіту. Директорлар кеңесі бекітуге тиіс құжаттардың тізбесін ол дербес айқындайды;

21) «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жасалуына қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелердің Қордың тобына кіретін ұйымдар арасында жасалуының тәртібін айқындау;

22) Қордағы корпоративтік басқаруды бағалау тәртібін бекіту;

23) Қорға тиесілі барлық активтердің жиынтығында жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын активтердің бір бөлігін немесе бірнеше бөлігін беру арқылы Қордың өзге заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметіне қатысуы;

24) Қордың міндеттемелерін оның меншікті капиталы мөлшерінің он және одан көп пайызын құрайтын шамаға ұлғайту;

25) Қордың басқа заңды тұлғалар акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) он және одан да көп пайызын иемденуі;

26) Қордың облигацияларын, туынды бағалы қағаздарын шығару және Қордың меншікті капиталы мөлшерінің бір және одан да көп пайызы сомасына Қордың өзге де қарыз тартуы шарттарын айқындау;

27) Қазақстан Республикасының Үкіметі енгізетін ұсыныстар бойынша Қордың әкімшілік шығыстарының нормативтері мен лимиттерінің жекелеген түрлерін бекіту;

28) Қордың жалғыз акционері бекітетін әдістемеге сәйкес Қордың директорлар кеңесінің қызметіне жыл сайын бағалау жүргізу;

29) осы Заңға сәйкес Қордың жалғыз акционерінің, басқармасының немесе басқарма төрағасының айрықша құзыретіне жататын шешімдерді қоспағанда, директорлар кеңесі бекітетін ішкі құжаттарда көзделген шешімдерді қабылдау;

30) осы Заңға және (немесе) Қордың жарғысына сәйкес өзге де мәселелер жатады.

4. Осы баптың 3-тармағының 7) және 19) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша, Қор жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылмайтын компанияларға қатысты шешімдерді компаниялар акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстарында Қордың уәкілетті өкілдерінің кейіннен дауыс беруі мақсатында акционер (қатысушы) ретінде Қордың ұстанымын айқындау үшін Қордың директорлар кеңесі қабылдайды.

5. Қордың директорлар кеңесінің қызметін, оның ішінде директорлар кеңесі отырысының күн тәртібін қалыптастыратын және Қордың директорлар кеңесінің мүшелеріне отырыстың өткізілетіні туралы хабарлама жіберетін корпоративтік хатшы және Қор қамтамасыз етеді.

 Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 16.11.2015 № 403-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 ...6 7 8 9 10 ...26 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 8-бап Ұлттық әл-ауқат қоры туралы 2012 жылғы 1 ақпандағы № 550-IV