Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы туралы
66-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің міндеттері



Ст. 66 Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы туралы 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 70-V



Мемлекеттік шекараны қорғау және күзету кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі:

1) Мемлекеттік шекарадан өтуді өзгертудің, Қазақстан Республикасының аумағын игерудің кез келген әрекеттерінің жолын кесуге;

2) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының қорғанысы бойынша міндеттерді шешуге, сондай-ақ төтенше немесе соғыс жағдайы режимдерін қамтамасыз етуге қатысуға;

3) Қазақстан Республикасының аумағына қарумен басып кіруге тойтарыс беруге, Мемлекеттік шекарада қарумен жасалатын және өзге де арандатушылықтардың жолын кесуге, халықты, мемлекеттік және жеке меншікті аталған қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғауға;

4) адамдардың және көлік құралдарының белгіленген өткізу пункттерінен тыс жерлерде не өткізу пункттерінде заңсыз әдістермен Мемлекеттік шекараны кесіп өту әрекеттерінің алдын алуға және жолын кесуге, Мемлекеттік шекараны бұзушыларды және шекаралық кеңістіктегі өзге де құқық бұзушыларды анықтауға және ұстауға;

5) тиісінше ресімделген құжаттар болған және өткізу пунктінде белгіленген бақылау түрлерін өту кезінде адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізуді белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға;

6) Мемлекеттік шекара режимінің және өткізу пункттеріндегі режимнің орындалуын қамтамасыз етуге;

7) шекаралық режимнің, аумақтық сулар (теңіз) мен ішкі сулар режимінің, континенттік қайраң режимінің сақталуын дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп бақылауға, шекаралық аймаққа кіретін орындарда бақылау бекеттерінің қызметін ұйымдастыруға;

8) өз құзыреті шегінде құқық бұзушылықтардың профилактикасын жүзеге асыруға;

9) Мемлекеттiк шекара арқылы жүретін адамдардың Қазақстан Республикасына кіруге немесе Қазақстан Республикасынан шығуға құқық беретiн құжаттарын тексеруге, оларға тиiстi белгiлер соғуға, мұндай құжаттарды уақытша алып қоюға, сондай-ақ жарамсыз құжаттарды алып қоюға;

10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат етілмеген шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ айыппұл салу туралы сот шешімдерін және уәкілетті органдардың қаулыларын Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде орындамаған шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың кіруін шектеуге;

11) шетелде немесе Қазақстан Республикасында болған кезеңде жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен өзге де адамдардың жеке басы анықталғанға дейiн оларды өткізу пункттерінде қалдыра отырып, өткізбеуге;

12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адамдарды ұстауды және жеке тексеріп қарауды жүзеге асыруға;

13) шекаралық кеңістікте белгіленген режимдерді бұзуға жол берген көлік құралдарын тоқтатуға, қарап тексеруге және ұстауға, құқық бұзушылық мән-жайларын анықтау үшін оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бөлімшелерінің қарауына жеткізуге (айдауылмен жеткізуге);

14) Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған, Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін жарылғыш, уландырғыш, радиоактивті, есірткі заттарды, қаруды, оқ-дәрілерді, өзге де жүктер мен тауарларды, сондай-ақ контрабандалық жолмен өткізілетін жүктер мен тауарларды белгіленген тәртіппен дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп ұстауға және алып қоюға;

15) әуе кеңістігінде Мемлекеттік шекараны күзетуге Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жәрдем көрсетуге;

16) шекаралық кеңістікте азаматтарды, табиғи ресурстарды және қоршаған ортаны қорғауда Қазақстан Республикасының құқық қорғау және табиғат қорғау органдарына жәрдем көрсетуге;

17) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің инженерлік-техникалық құралдарын, құрылыстарын және бөгеуіштерін жабайы жануарлардың қоныс аудару жолдарын ескере отырып, жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның ұсынысы бойынша орнатуға;

18) Мемлекеттік шекарадан су астындағы орта арқылы кесіп өтуге бақылауды жүзеге асыруға;

19) Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту қатері туындаған кезде немесе заңсыз кесіп өту кезінде Қазақстан Республикасының аумақтық суларында (теңізінде) және ішкі суларында, сондай-ақ олардың шегінен тыс жерлерде шет мемлекеттердің шекарасына дейінгі суларда су астындағы объектілерді танып айыру (жіктеу) үшін өздерінде бар құралдарды пайдалануға;

20) Мемлекеттік шекараны қорғау мүддесінде су астындағы ортада қайыққа қарсы және диверсияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға;

21) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес өзінің қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша хаттамалар жасауға және іс жүргізуге;

22) Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес өзінің қарауына жатқызылған істер бойынша анықтау жүргізуге;

23) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайтын шет елдердегі мекемелерді физикалық қорғауды жүзеге асыруға міндетті.

Шет елдердегі мекемелерді физикалық қорғауды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне іссапарға жіберілген әскери қызметшілері жүзеге асырады.

Физикалық қорғау қамтамасыз етілетін Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды;

24) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

Статья 1 ...64 65 66 67 68 ...80 

Перейти к статье
Скачать бесплатно Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы туралы 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 70-V 

Задать вопрос на юридическом форуме



Добавить комментарий к 66-бап Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы туралы 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 70-V