Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы

Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар



Ст. 1 Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы 2011 жылғы 20 шілдедегі № 463-IV



Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) автожанармай құю станциясы – мұнай өнімдерін сақтауды және бөлшек сауда арқылы өткізуді қамтамасыз ететін, есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандырылған технологиялық кешен және жабдық.

Автожанармай құю станциялары мынадай түрлерге бөлінеді:

тұрақты – жерасты немесе жерүсті ыдыстары бар, отын тарату бағандары арқылы көлік құралдарына мұнай өнімдерін құюға арналған түрі;

контейнерлік – мұнай өнімдерін сақтауға арналған ыдыстары жер үстінде орналасқан, технологиялық жүйесі отын тарату бағандарының біртұтас зауыт бұйымы ретінде жасалған мұнай өнімдерін сақтау контейнерінде орналасуымен сипатталатын түрі;

жылжымалы – автомобиль шассиіне, тіркемеге, жартылай тіркемеге біртұтас зауыт бұйымы ретінде жасалған ыдыс пен отын тарату бағандары орнатылған түрі;

2) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

3) дербес сәйкестендіру нөмір-коды – ілеспе жүкқұжатта және мұнай өнімдерінің айналымы жөніндегі декларацияда мұнай өнімдерінің түрін, маркасын көрсету үшін қажетті, мұнай өнімдерін өндірушілерге, мұнай өнімдерінің импортын жүзеге асыратын көтерме сауда арқылы берушілерге және Қазақстан Республикасында өндірілетін немесе Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін мұнай өнімдерінің әрбір атауына берілетін тұрақты сәйкестендіру нөмірі;

 4) есепке алатын бақылау аспаптары – мұнай өнімдерін өндірушілердің, мұнай өнімдері базаларының өндірістік объектілерінде және автожанармай құю станцияларында (жылжымалы үлгідегі автожанармай құю станцияларынан басқа) орнатылған, Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамасына сәйкес қолдануға рұқсат етілген, мұнай өнімдерін өндірудің және (немесе) оның айналымының көлемдері туралы ақпараттың автоматтандырылған жүйесінің көмегімен мұнай өнімдерін өндіру және айналымы саласындағы есепке алатын бақылау аспаптарының деректерін оператор арқылы мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті органға нақты уақыт режимінде кейіннен беру мақсатында есепке алуды жүргізу үшін мұнай өнімдерінің сандық және сапалық сипаттамаларын өлшейтін техникалық құрылғылар;

5) инвестициялық бағдарлама – экономикалық көрсеткіштер, оның ішінде мұнай өнімдерінің бағасына әсер ететін инвестициялық құрамдастар кіретін, жоспарланған техникалық-экономикалық тиімділік алу мақсатында белгілі бір кезеңге мұнай өнімдерін өндірушілердің қазіргі өндірістік қуаттарын құруға, түгел жаңғыртуға және реконструкциялауға бағытталған қаражат салу және қайтару бағдарламасы;

6) компаундтеу – белгіленген сапада мұнай өнімін алу мақсатында екі немесе бірнеше құрауыштарды араластыру, оның ішінде қосындылар, қоспалар енгізу;

6-1) қайта өңдеу өнімдері – мұнай өнімдерін өндіруші (қуаты аз мұнай өнімдерін өндірушіні қоспағанда) кейіннен қайта өңдеуі үшін жарамды болатын шикi мұнайды және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеу өнімдері;

7) қанықпаған мұнай өнімі – Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін мұнай өнімі;

8) қуаты аз мұнай өнімдерін өндіруші – жобалық қуаты жылына сегіз жүз мың тоннадан кем шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу көлемін көздейтін технологиялық қондырғыларда мұнай өнімдерін өндіруді жүзеге асыратын мұнай өнімдерін өндіруші;

9) мұнай беруші – осы Заңда белгіленген шарттармен өздері өндірген, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес заттай нысанда төленетін салықтар ретінде Қазақстан Республикасы алған, импортталған немесе жер қойнауын пайдаланушыдан тікелей сатып алынған шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын мұнай өнімдерін өндірушіге, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан мұнай өңдеу зауыттарына беретін жеке немесе заңды тұлға;

10) мұнай өнімдері – мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерi: бензин, авиация және дизель отыны, мазут;

11) мұнай өнімдерін беру жоспары – бөлшек сауда арқылы өткізуге бағаны мемлекеттік реттеу белгіленген, Қазақстан Республикасында өндірілетін мұнай өнімдерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ай сайынғы қажетсіну көлемі;

11-1) мұнай өнімдерін беру жөніндегі бірыңғай оператор – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, қызметінің негізгі нысанасы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланын, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органды, мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органды мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға мұнай өнімдерін сақтау және жеткізу жөніндегі қызметтер ұсыну болып табылатын заңды тұлға;

12) мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізу – мұнай өнімдерін одан әрі өткізу мақсатынсыз, өз мұқтаждары үшін жеке және заңды тұлғаларға өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;

13) мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуші – мұнай өнімдерін одан әрі бөлшек сауда арқылы өткізу мақсаттары үшін сатып алуды жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;

14) мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы беруші – мұнай өнімдерін өндірушілерден, мұнай берушілерден және (немесе) импорттаушылардан одан әрі өткізу мақсаттары үшін мұнай өнімдерін сатып алуды жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;

14-1) импорттаушы – Қазақстан Республикасының аумағына меншікті мұнай өнімдерін одан әрі өткізу мақсаттары үшін әкелуді (оның ішінде импортты) жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;

15) мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы өткізу – мұнай өнімдерін өндірушілердің, мұнай берушілердің, мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілердің, импорттаушылардың мұнай өнімдерін одан әрі өткізу мақсаттары үшін өткізуі жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;

16) мұнай өнімдерін өндіру – Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес мұнай өнімдерін алуды қамтамасыз ететін, шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын және (немесе) оларды өңдеу өнімдерін өңдеу жөніндегі, сондай-ақ компаундтеу жөніндегі жұмыстар кешені;

17) мұнай өнімдерін өндірудің ең аз көлемі – мұнай өнімдерін өндіруші күнтізбелік жыл ішінде ай сайын одан кемітпей өндіруге міндетті мұнай өнімдерінің көлемі;

18) мұнай өнімдерін өндіру және өткізу мониторингі – мұнай өнімдеріне қажеттілікті, оларды өндіру, өткізу, тасымалдау үдерістерін, сондай-ақ бөлшек сауда және көтерме сауда бағаларының серпінін талдау;

19) мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган – мұнай өнімдерін өндіруді мемлекеттік реттеу саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

20) мұнай өнімдерін өндіруші – меншік құқығында және (немесе) өзге де заңды негіздерде мұнай өңдеу зауыты бар және өндіріс паспортына сәйкес мұнай өнімдерін өндіруді, сондай-ақ өндірілген меншікті мұнай өнімдерін өткізуді және (немесе) алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімі болып табылатын мұнай өнімдерін беруді жүзеге асыратын заңды тұлға;

21) мұнай өнімдерінің айналымы – мұнай өнімдерін сатып алу, сақтау, көтерме сауда және бөлшек сауда арқылы өткізу, жөнелту, тасымалдау, олардың экспорты мен импорты;

22) мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті орган – мұнай өнімдерінің айналымын мемлекеттік реттеу саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

23) мұнай өнімдерінің базасы – мұнай өнімдерін қабылдауға, сақтауға, тиеп-жөнелтуге және өткізуге арналған технологиялық жабдықты, резервуар паркін, техникалық құрылғылар мен коммуникацияларды қамтитын, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін ғимараттар мен құрылыстар кешені;

24) мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы жөніндегі бірыңғай дерекқор – өз құзыреті шегінде мұнай өнімдерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың әкімшілік деректері негізінде қалыптастырылатын, мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы жөніндегі электронды дерекқор;

24-1) мұнай өнімдерінің өндірісі мен айналымы саласындағы есепке алатын бақылау аспаптарының деректері – мұнай өнімдерінің өндірісі мен айналымының көлемдері туралы деректер;

24-2) мұнай өнімдерінің өндірісі мен айналымы саласындағы есепке алатын бақылау аспаптары деректерінің операторы – уәкілетті органға және оның аумақтық бөлімшелеріне есепке алатын бақылау аспаптарының деректерін автоматтандырылған онлайн-беруді қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған заңды тұлға;

24-3) мұнай өнімдерін өндірушінің өндірістік объектісі – технологиялық жабдықты, резервуар паркін, мұнай өнімдерін құю эстакадасын, техникалық құрылғылар мен коммуникацияларды қамтитын, шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын қабылдауға, мұнай өнімдерін өндіруге, сақтауға, ағызуға, құюға, айдауға, тасымалдауға, тиеп-жөнелтуге және өткізуге арналған, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін ғимараттар мен құрылыстар кешені;

25) өндіріс паспорты – мұнай өнімдерін өндірушінің өндірістік қуаттарының көрсеткіштерін, оның негізгі сипаттамаларын көрсететін, өндірістің технологиялық үдерісін сақтау үшін қолда бар жабдықтың пайдаланылуын регламенттейтін, белгіленген нысандағы құжат;

26) резервуар – есепке алатын бақылау аспаптарымен жабдықталған, мұнай өнімдері базасындағы не мұнай өнімдерін өндірушінің өндірістік объектісіндегі ыдыс;

27) мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті органның хабарламасы – мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті орган және (немесе) оның аумақтық бөлімшелері мұнай өнімдерін өндірушіге, мұнай берушіге, импорттаушыға, мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушіге немесе мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізушіге мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қағаз түріндегі немесе электрондық түрде жіберген жазбаша хабар;

28) ілеспе жүкқұжат – мұнай өнімдерінің айналымын бақылауға арналған және мұнай өнімдерін босату және қабылдап алу жөніндегі операцияларды, сондай-ақ мұнай берушілерге мұнай өнімдерін беру жөніндегі операцияларды ресімдеу үшін қажетті, жөнелтушіден алушыға дейінгі бүкіл жол бойында мұнай өнімдерімен ілесе жүретін құжат;

28) түпкі тұтынушы – мұнай өнімдерін одан әрі өткізу мақсатынсыз сатып алатын жеке және заңды тұлғалар;

Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.06.22 № 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.11.2014 № 257-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 432-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 09.04.2016 № 500-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.11.2016 № 26-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 2 3 ...26 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 1-бап Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы 2011 жылғы 20 шілдедегі № 463-IV