Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< Ветеринария туралы

Ветеринария туралы
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар



Ст. 1 Ветеринария туралы 2002 жылғы 10 шілдедегі N 339



Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) автомобиль өткізу пункттеріндегі уәкілетті орган – зертханалық бақылауды қоспағанда, Кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары;

1-1) аймақ – жануарлардың жұқпалы аурулары бойынша эпизоотия жағдайымен сипатталатын, әкімшілік-аумақтық бөлінісіне қарамастан шартты түрде шектелген аумақ;

2) ауру бойынша қолайсыз пункт (қолайсыз пункт) - эпизоотия ошағы белгіленген аумақ;

3) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқор – диагностикалық зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, жануардың жеке нөмірі туралы, оны ветеринариялық дауалау туралы деректерді, сондай-ақ жануардың иесі туралы деректерді тіркеудің бірыңғай, көпдеңгейлі жүйесін көздейтін, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар жүзеге асыратын және уәкілетті орган пайдаланатын ветеринариялық есепке алудың бір бөлігі;

3-1) ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға ауыл шаруашылығы жануары туралы мәлiметтердi енгiзе отырып және ветеринариялық паспортты бере отырып, бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) пайдалану, таңбалау арқылы жануарларға жеке нөмiр берудi қамтитын, жануарларды есепке алу рәсiмi;

3-2) ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлерінің эмиссиясы (бұдан әрі – жеке нөмірлер эмиссиясы) – ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлерінің жүйелі нөмірленуін айқындау жөніндегі іс-шаралардың жиынтығы және оларды республиканың әкімшілік-аумақтық бірлігі бойынша бөлу;

3-3) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордан үзінді көшірме – жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы мамандары ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордан уәкілетті орган бекіткен тәртіппен және нысанда жануарлар иелерінің талап етуі бойынша алатын, диагностикалық зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, жүргізілген ветеринариялық іс-шаралардың мерзімдері мен сипаты туралы мәліметтер;

3-4) ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiруді жүргізуге арналған бұйымдар (құралдар) – ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiруді жүргізу үшiн пайдаланылатын сырғалар (iлiнетiн, радиожиiлiк таңбасы бар), болюстер, чиптер және басқа да бұйымдар (құралдар);

3-5) ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiруді жүргізуге арналған атрибуттар – ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiруді жүргізу үшін пайдаланылатын құрал-саймандар мен аспаптар;

3-6) ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) белгiлеу жөнiндегi лазерлiк станция (бұдан әрi – лазерлiк станция) – ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiруді жүргізуге арналған бұйымдарға (құралдарға) жеке нөмiр түсіруді жүзеге асыратын ұйым;

4) бақылау аймағы - буферлік аймақ пен қолайлы аймақ арасында белгіленген аймақ;

4-1) биологиялық қалдықтар – жануарлардың өлімі, тірі организмдермен және биологиялық тіндермен (материалдармен) ветеринариялық практикалық және ғылыми қызмет пен эксперименттер нәтижесінде түзілген, сондай-ақ жануарларды өсіруді, дайындауды (союды), жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты сақтауды, қайта өңдеу мен өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінің, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдардың қызметі процесінде пайда болатын материалдар, заттар, малдан, өсімдіктерден және минералдардан қалған қалдықтар (жануарлардың өлекселері, абортталған және өлі туған төлдер, ветеринариялық конфискаттар, жемшөп қалдықтары);

5) буферлік аймақ - инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында жануарларға жүйелі түрде егу жасалатын және басқа да ветеринариялық іс-шаралар жүргізілетін қолайсыз аймақ пен бақылау аймағының арасында белгіленген аумақ;

6) ветеринария (ветеринария саласы) - жануарлардың аурулары мен азықтан улануын (зақымдануын) зерделеуге, олардың профилактикасына, диагностикасына, оларды емдеуге және жоюға, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерінің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықты жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға бағытталған арнаулы ғылыми білімдер мен практикалық қызмет саласы;

7) ветеринариялық бақылау бекеті – уәкілетті орган ведомствосының шекара және кеден пункттері (автомобиль өткізу пункттерін қоспағанда, Кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері) аумағында орналасқан, қажетті жабдықтармен және аспаптармен жарақтандырылған, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын бөлімшесі;

8) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар - мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау объектілеріне қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық, зоогигиеналық) талаптарды белгілейтін, сондай-ақ ветеринариялық нормативтердің негізінде ветеринариялық іс-шараларды жүргізу тәртібін айқындайтын, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болып табылатын нормативтік құқықтық акт;

9) ветеринариялық құжаттар – уәкілетті орган бекіткен тәртіппен мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары беретін ветеринариялық сертификат; мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлер беретін ветеринариялық-санитариялық қорытынды; тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы эпизоотиялық ахуал туралы, жануарға, жануарлардан алынатын өнімге және шикізатқа жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы маманы, сондай-ақ жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімнің және шикізаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкестігін айқындау жөнінде өндірістік бақылау бөлімшесінің аттестатталған ветеринариялық дәрігері беретін ветеринариялық анықтама;

10) ветеринариялық паспорт – уәкілетті орган белгілеген нысандағы құжат, онда: жануарларды есепке алу мақсатында жануарлардың иесі, түрі, жынысы, түсі, жасы көрсетіледі;

11) ветеринариялық препараттар мыналар:

жануарлар ауруларының профилактикасына, диагностикасына және оларды емдеуге арналған, қаннан, қан плазмасынан, сондай-ақ жануарлардың ағзаларынан, өсімдіктерден, минералдардан синтез әдістерімен немесе биологиялық технологиялар қолданыла отырып алынған заттар;

фармакологиялық белсенділігі бар, өсiмдiктерден, жануарлардан алынатын немесе синтетикалық заттар;

жануарларға арналған парфюмерия немесе косметика құралдары ретінде пайдаланылатын заттар;

жануарлардың өнімділігін арттыруға, дезинфекциялауға, дезинсекциялауға және дератизациялауға арналған заттар.

Осы тармақшаның ережелері ветеринария саласында пайдаланылатын (қолданылатын) дәрілік заттарға қолданылады;

12) ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының айналысы – ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндiру, сақтау, тасымалдау, байқаудан өткiзу және тiркеу сынақтары (ветеринариялық препараттар, жемшөп пен жемшөп қоспалары), сәйкестiгiн растау, қауiпсiздiгi мен сапасын бақылау, жарнамалау, өткiзу немесе қолдану;

13) ветеринариялық препараттарды, жемшөп қоспаларын мемлекеттiк тiркеу – уәкiлеттi органның ветеринариялық препараттарды, жемшөп қоспаларын олардың сараптамасының, байқаудан өткiзудiң және тiркеу сынақтарын жүргізудің нәтижелерi бойынша ветеринариялық препараттардың, жемшөп қоспаларының мемлекеттік тізбелеріне енгізуі және оларға белгiленген нысандағы тiркеу куәлiктерiн беруi;

14) ветеринариялық препараттардың, жемшөп қоспаларының мемлекеттік тізілімі – уәкілетті орган шығаратын мемлекеттік тіркеуден өткен және Қазақстан Республикасында өндіруге, импорттауға және қолдануға рұқсат етілген ветеринариялық препараттар, жемшөп қоспалары туралы мәліметтері бар тізбе;

15) ветеринариялық препараттарды, жемшөп қоспаларын тiркеу сынақтары – ветеринариялық препараттардың, жемшөп қоспаларының қауіпсіздік және сапа көрсеткіштеріне сәйкестігін айқындау;

16) ветеринариялық препаратты, жемшөп қоспаларын байқаудан өткізу – ветеринариялық препаратты, жемшөп қоспаларын ветеринариялық практикада пайдалану мүмкіндігін анықтау үшін, олардың иммундық-биологиялық қасиеттері мен эпизоотологиялық тиімділігін, олардың жануар организміне тигізетін әсерінің салдарлары жоқтығын, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздігін айқындау мақсатында, оларды шектеулі зертханалық және (немесе) өндірістік жағдайларда сынақтан өткізу;

16-1) ветеринариялық пункт – ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін ауданның жергілікті атқарушы органдары құрған, аудандық маңызы бар қалада, кентте, ауылдық округте орналасқан мемлекеттік ветеринариялық ұйымның оқшау бөлімшесі;

17) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік - жануарлардың саулығы, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың тағамдық қауіпсіздігі, аумақтың ветеринариялық-санитариялық салауаттылығы, халықты жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау, сондай-ақ мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерінің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі қамтамасыз етілетін мемлекеттік  ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерінің жай-күйі;

18) ветеринариялық-санитариялық сараптама – жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының
ветеринариялық нормативтерге сәйкестігін органолептикалық, биохимиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, уыттық және радиологиялық зерттеулер кешенi арқылы айқындау;

19) ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасы - ішкі сауда объектілерінде және (немесе) басқа орындарда өткізілетін жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатқа, жемшөп пен жемшөп қоспаларына ветеринариялық-санитариялық сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның мамандандырылған бөлімшесі;

19-1) ветеринария саласындағы маман – ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар бөлiмшелерiнің, мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдардың ветеринария мамандықтары бойынша жоғары, орта білімнен кейiнгi немесе техникалық және кәсiптiк бiлiмi бар қызметкерi;

20) ветеринариялық іс-шаралар - жануарлар ауруларының профилактикасын, оларды емдеуді немесе диагностикасын қоса алғанда, олардың пайда болуын, таралуын болғызбауға немесе оларды жоюға; жануарлар мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін аса қауіпті аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға; жануарлардың өнімділігін арттыруға; жануарлар мен адамның денсаулығын жұқпалы, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қоса алғанда, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, жемшөп және жемшөп қоспаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған эпизоотияға қарсы, ветеринариялық-санитариялық рәсімдер кешені;

21) ветеринария саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - ветеринария саласындағы басшылықты, сондай-ақ өз өкілеттігі шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

22) есептік нөмір - өндіріс объектісінің қызмет түрі мен нөмірін қамтитын код;

23) ет өңдейтін кәсіпорын - жануарларды сою және сойылған өнімдерді өңдеу жүзеге асырылатын, мал базасы, өндірістік цехы, өндірістік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау бөлімі және ветеринариялық-санитариялық нормалар мен талаптарға сай келетін басқа да қосалқы объектілері бар өндірістік кешен;

24) жануарды ветеринариялық қарап-тексеру – жануар саулығының жалпы жай-күйін айқындау мақсатында ветеринариялық дәрігер, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор, сондай-ақ автомобиль өткізу пункттеріндегі уәкілетті органның лауазымды адамы оған жүргізетін клиникалық қарап-тексеру;

25) жануарлар ауруларын қоздырушылар - вирустар, бактериялар, риккетсиялар, хламидиялар, микоплазмалар, приондар, қарапайым жәндіктер, саңырауқұлақтар, гельминттер, кенелер, жәндіктер;

26) жануарлар ауруларының диагностикасы жөніндегі референттік функция - жануарлардың аса қауіпті, баяу және экзотикалық ауруларының қоздырушыларын типтендіруді жүзеге асыру (белгілі бір түр ішіндегі типтік айырмашылықтарды айқындау), сондай-ақ күмәнді немесе даулы жағдайларда түпкілікті диагноз қою;

27) жануарлардан алынатын өнімдер - ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері, балық және балық өнімдері, жұмыртқа және жұмыртқа өнімдері, сондай-ақ балара шаруашылығының өнімдері;

28) жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты ветеринариялық қарап-тексеру – қауіпсіздікті алдын ала айқындау мақсатында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор, ветеринариялық дәрігер, сондай-ақ автомобиль өткізу пункттеріндегі уәкілетті органның лауазымды адамы жүзеге асыратын, жануарлардың ұшасы мен ағзаларына, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатқа оларда көзге көрінетін өзгерістерді, аурулардың пайда болуының патологиялық белгілерін анықтау үшін қарап-тексеруді жүргізу;

29) жануарлардан алынатын шикізат - жануарлардан алынатын, жануарларды азықтандыруға арналған және (немесе) өнеркәсіпте пайдаланылатын тері, жүн, түк, қыл, бағалы аң терісі, мамық, қауырсын, эндокриндік бездер, ішек-қарын, қан, сүйек, мүйіз, тұяқ, басқа да өнім;

29-1) жануарларды карантиндеу – диагностикалық зерттеулер мен ветеринариялық дауалау жүргізу мақсатында жаңадан келіп түскен, әкелінген, сатып алынған, әкетілетін, орны ауыстырылатын жануарларды оқшаулап ұстау;

30) жануарлардың аса қауіпті аурулары - уәкілетті орган айқындайтын, жануарлар мен адамға ортақ ауруларды қоса алғанда, тез немесе кең таралатын, жануарлардың ауруға шалдыққыштығына немесе өлуіне, үлкен әлеуметтік-экономикалық залалға әкеп соғатын жануарлар аурулары;

31) жануарлардың жұқпалы аурулары - жануардың организміне инфекцияның өзіндік ерекшелігі бар қоздырғышын (инвазия) енгізу салдарынан пайда болатын және жануардан жануарға және адамға жұғатын жануарлар аурулары;

32) жануарлардың жұқпалы емес аурулары - жануарларды азықтандыру, ұстау, күтім жасау және шаруашылық мақсатқа пайдалану ережелерін бұзу салдарынан пайда болатын және жануардан жануарға және адамға жұқпайтын жануарлар аурулары;

33) жануарлардың энзоотиялық аурулары – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары айқындайтын, белгілі бір жерде тұрақты немесе жиі қайталанатын көрінісімен, әлеуметтік-экономикалық залалымен сипатталатын жануарлар аурулары;

34) жемшөп - жануарларды азықтандыру үшін пайдаланылатын, құрамында сіңірілетін түрдегі қоректендіргіш заттар бар және жануарлардың саулығына зиянды әсерін тигізбейтін өсімдіктен, жануардан алынатын, минералдық, микробиологиялық, химиялық текті өнім;

35) жемшөп қоспалары - жануарлардың рационында жетіспейтін қоректендіргіш және минералдық заттар мен дәрумендердің көздері ретінде пайдаланылатын органикалық, минералдық және (немесе) синтетикалық текті заттар;

36) карантин - эпизоотия ошағын жою және аурудың таралуына жол бермеу мақсатында эпизоотия ошағы, қолайсыз пункт пен ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан қолайлы аумақ арасындағы шаруашылық байланыстарды шектеуге немесе тоқтатуға және орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды (орнын ауыстыруды) тоқтата тұруға бағытталған ветеринариялық және әкімшілік-шаруашылық іс-шаралар жүйесін көздейтін құқықтық режим;

37) қолайлы аймақ - жануарлардың жұқпалы ауруларынан ада аймақ;

38) қолайсыз аймақ - жануарлардың жұқпалы аурулары анықталған аймақ;

38-1) құжаттамалық мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау – бақылауға жататын тауарлардың қауіпсіздігін, әкелуге (әкетуге) немесе олардың транзитіне рұқсаттардың бар-жоғын, сондай-ақ берілген құжаттар мазмұнының Кеден одағының Бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды тексеру;

39) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақыланатын және қадағаланатын орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер (бұдан әрі - орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер) - жануарлар, жануарлардың жыныстық және соматикалық жасушалары, жануарлар аурулары қоздырушыларының штаммдары, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат, ветеринариялық препараттар, жемшөп пен жемшөп қоспалары, патологиялық материал немесе олардан алынатын сынамалар, судың, ауаның, топырақ қабатының, өсімдіктердің сынамалары, ветеринариялық және зоогигиеналық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттар, сондай-ақ оларды буып-түю және тасымалдау үшін пайдаланылатын ыдыстың барлық түрлері және осындай орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдайтын көлік құралдары;

39-1) мониторинг – уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылатын, оларды талдауды, бағалауды және болжауды қамтитын мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерінің жай-күйін байқаудың мемлекеттік жүйесі;

39-2) өндірістік бақылау бөлімшелерінің ветеринариялық дәрігерлерін аттестаттау – өндірістік бақылау бөлімшелері ветеринариялық дәрігерлерінің уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкестігін айқындау үшін уәкілетті орган кезеңділікпен жүргізетін рәсім;

39-3) процессингтік орталық – функцияларын осы Заңға сәйкес жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымның құрылымдық бөлімшесі;

40) сараптама актісі (сынақ хаттамасы) – орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер диагностикасының немесе ветеринариялық-санитариялық сараптамасының нәтижелері бойынша ветеринариялық зертханалар беретін құжат;

41) сою алаңы (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңы) - ет өңдейтін кәсіпорын немесе сою пункттері жоқ кезеңде, ветеринариялық-санитариялық ережелер сақталып және жануар мен оның сойылған өнімдеріне ветеринариялық тексеру жүргізе отырып, мал сою үшін белгіленетін бейімделген үй-жай (орын);

42) сою пункті - ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізіле отырып, жануарларды соятын және жануарлардың сойылған өнімдерін бастапқы өңдейтін жабдықтармен жарақтандырылған, ветеринариялық-санитариялық нормалар мен талаптарға сай келетін мамандандырылған үй-жай;

42-1) тіркеу – ауыл шаруашылығы жануарларын және оларды өндірушілер туралы дара нөмірлері бойынша деректер қорында бірдейлендіруді жүргізу үшін лазерлік станциялар, заттар (құралдар) мен нысандар туралы ақпаратты енгізу рәсімі;

42-2) физикалық мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау – мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақыланатын және қадағаланатын орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді жете тексеру және жануарларды, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты ветеринариялық қарап-тексеру, ұсынылған ветеринариялық ілеспе құжаттарда көрсетілген деректерге сәйкестікті тексеру, оларда көрсетілмеген объектілердің бар болуын, сондай-ақ үйлеспейтін объектілердің бірге орны ауыстырылуын (тасымалдануын) болғызбау, көлік құралының орын ауыстыру (тасымалдау) шарттары мен режиміне, орамның және таңбалаудың белгіленген ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестігін бақылау;

43) ішкі сауда объектілері – жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жем қоспаларын өткізуді жүзеге асыратын сауда объектілері, сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру объектілері;

44) шектеу іс-шаралары - жануарлар ауруларының таралуына жол бермеу және ветеринариялық-санитариялық қолайлы жағдайға қол жеткізу мақсатында эпизоотия ошағы мен қолайсыз пунктте шаруашылық байланыстарды ішінара шектеуге және орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды (орнын ауыстыруды) тоқтата тұруға бағытталған ветеринариялық, әкімшілік-шаруашылық іс-шаралар жүйесін көздейтін құқықтық режим;

45) эпизоотия - тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында жануарлардың аса қауіпті және басқа да жұқпалы ауруларының жаппай таралуы;

45-1) эпизоотологиялық зерттеп-қарау актісі – эпизоотологиялық ошақтардың туындау себептерін зерделеу және жануарлар ауруларының таралуына ықпал ететін немесе кедергі болатын жағдайларды анықтау нәтижелері бойынша, сондай-ақ жануарларды карантиндеу кезінде мемлекеттік ветеринариялық дәрігер беретін құжат;

46) эпизоотия мониторингі - эпизоотологиялық зерттеуді және жануарлардың нақты ауруларының өршу заңдылықтары, олар мекендеген (ұсталған, өсірілген) аумақтардың табиғи-географиялық және экономикалық (шаруашылық) жағдайлары, жүргізілетін ветеринариялық іс-шаралар туралы ақпаратты қоса алғанда, жануарлар ауруларының таралуы туралы сандық деректерді жинау жүйесі және оларды кейіннен ветеринариялық іс-шаралардың тиімділігін талдау және эпизоотиялардың немесе панзоотиялардың пайда болуын, өршуін және жойылуын болжау үшін статистикалық өңдеу;

47) эпизоотия ошағы - инфекцияны қоздырушы көздер, тарататын факторлар және ауруға бейім жануарлар тұрған шектеулі аумақ немесе қора-жай.

Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.24 № 190-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.10 № 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 № 540-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.01.2014 № 165-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 10.11.2014 № 249-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік тоқсан күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 2 3 ...37 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 1-бап Ветеринария туралы 2002 жылғы 10 шілдедегі N 339