Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Сыртқы барлау туралы
9-бап. Сыртқы барлау органының құзыреті



Ст. 9 Сыртқы барлау туралы 2010 жылғы 22 мамырдағы № 277-IV




 Сыртқы барлау органының құзыретіне осы Заңның 8-бабында көзделген ережелерден басқа, мыналар да жатады:

1) Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламенті мен Үкіметіне, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына және мемлекеттік ұйымдарына барлау ақпаратын беру;

2) мемлекет басшылығының саяси, әскери-саяси, қаржы-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, экологиялық және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын өзге де салалардағы саясатын іске асыруға жәрдемдесу;

3) Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне сыртқы барлауды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

4) сыртқы барлау субъектілерінің барлау қызметін үйлестіру;

5) Қазақстан Республикасы жасасатын халықаралық шарттарды дайындауға, заң жобалары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу;

6) Қазақстан Республикасының халықаралық, оның ішінде сыртқы барлау саласындағы міндеттемелерін орындау;

7) жүзеге асырылатын барлау қызметінің стратегиясын және тактикасын әзірлеу;

8) барлау қызметі мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер әзірлеу және қабылдау;

9) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басқа да күштерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасасу. Сыртқы барлау органының Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен өзара Іс-қимыл жасасу тәртібі бірлескен нормативтік құқықтық актілермен айқындалады, ал, меншік нысанына қарамастан Қазақстан Республикасының ұйымдарымен – келісімде белгіленеді;

10) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде шетел мемлекеттерінің арнайы қызметтерімен, құқық қорғау органдарымен, үкіметтік және арнайы байланыс органдарымен, халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен байланыстар орнату, сақтау және дамыту, ынтымақтастық туралы келісімдер жасасу;

11) ақпараттық жүйелерді және электрондық ақпараттық ресурстарды, арнаулы техникалық құралдарды, байланыс жүйелерін, арнайы мақсаттағы телекоммуникациялар желілерін, деректерді беру жүйелерін, ақпараттың техникалық арналар арқылы таралып кетуінен қорғау құралдарын, оларды бағдарламалық қамтамасыз етуді, қару-жарақты және жарақтануды әзірлеу, сатып алу, (криптографиялық қорғау құралдарын қоспағанда) жасау, іске қосу және пайдалану, шифрлау және шифрды ашу жұмыстарын ұйымдастыру. Осы мақсаттарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және меншік нысанына қарамастан ұйымдарымен, шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен және ұйымдарымен шарттар, келісімшарттар жасасу;

12) оның объектілерінде құқық бұзушылықтар жасаған адамдарды ұстау, оларды кейіннен құқық қорғау органдарына тапсыру;

13) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету, өз объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін, жеке және инженерлік-техникалық қорғалуын жүзеге асыру, сондай-ақ оларда жөндеу, құрылыс және өзге де жұмыстардың барлық түрлерін жүргізуді келісу;

14) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерін арнаулы байланыс түрлерімен жарақтандыру, инженерлік-техникалық қорғалуын, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің техникалық арналар арқылы таралып кетуін болғызбау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;

15) жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлеу, ұйымдастыру және жүргізу;

16) сыртқы барлау органындағы қызметке немесе жұмысқа қабылдау туралы шешiм қабылдау үшiн Қазақстан Республикасының азаматтарын iрiктеу, арнайы тексеруден өткiзу, кадрға есепке алынған қызметкерлер мен жұмыскерлерге мемлекеттiк құпияны құрайтын ақпаратқа рұқсат беруді ресiмдеу (қайта ресiмдеу), Қазақстан Республикасының оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерiнде, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң оқу орындарында, оның iшiнде арнаулы оқу орындарында кадрлар даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру;

17) барлау қызметі саласында ғылыми зерттеулер жүргізу, арнаулы оқу құралдарын шығару;

18) ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастыру, басқа мемлекеттік органдарда, ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істейтін ғылыми қызметкерлер мен білімнің түрлі салаларының мамандарын тарту арқылы өз қызметінің негізгі бағыттарына сәйкес сарапшылық топтарын құру;

19) меншік нысанына қарамастан ұйымдардың, әскери құралымдардың қызметтік үй-жайларын, көлік және өзге де техникалық құралдарын, сондай-ақ азаматтардың тұрғын және басқа да үй-жайларын, көлік құралдары мен өзге де мүліктерін шарт негізінде пайдалану;

20) бөлiмшелердiң, объектiлердiң, үй-жайлардың, көлiк құралдарының, қызметкерлер мен жұмыскерлердің, жасырын жәрдем көрсететiн адамдардың ведомстволық тиесiлiгiн шифрлайтын құжаттарды, өзге де әдiстер мен құралдарды пайдалану;

20-1) қызметкерлердің және сыртқы барлау органына жасырын көмек көрсететін адамдардың жеке басын, бөлімшелердің, объектілердің, үй-жайлар мен көлік құралдарының ведомстволық тиесілігін шифрлау мақсатында, оларды дайындау және (немесе) ресімдеу тәртібін сыртқы барлау органының басшысы айқындайтын басқа мемлекеттік органдардың, сондай-ақ меншік нысандарына қарамастан ұйымдардың құжаттарын Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде пайдалану үшін дайындау және ресімдеу.

Осы тармақшада көзделген мақсаттарда мемлекеттік органдарға және меншік нысандарына қарамастан ұйымдарға құжаттардың және қызметтік куәліктердің бланкілерін, оларды толтыру үлгілерін сыртқы барлау органына беру туралы орындалуға міндетті сұрау салулар жіберу;

20-2) сыртқы барлау органы басшысының немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адамның жедел-қызметтік жұмыс материалдарына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жария сипат берілгенге дейін оларға қолжетімділікті шектеуді қамтамасыз ететін өкімдік қызметі арқылы барлау және өзге де жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру кезінде, осы қызметтің нәтижелері көрсетілетін материалдарды іске асыру кезінде астыртын әрекет етуді қамтамасыз ету, сондай-ақ ақпарат көздерін құпиясыздандыруға жол бермеу жөнінде қажетті шаралар қолдану;

21) қызметкерлер мен жұмыскерлерді iссапарға, оның iшiнде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге жiберу;

22) Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті түрде штаттан тыс жедел қызметкерлер ретінде тарту;

23) жеке және заңды тұлғаларды зерделеу мен тексеруден кейін оларға өз объектілерін қорғау және қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарға рұқсат беруді жүзеге асыру;

24) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзінің объектілері мен үй-жайларын қорғауды қамтамасыз ету үшін қаруды, арнаулы құралдар мен дене күшін қолдану;

25) мемлекет берген және республикалық меншікке жататын мүлік есебінен қалыптастырылған, оралымды басқару құқығындағы оқшауланған мүлкінің болуы;

26) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау және саяси баспана беру туралы мәселелерді шешуге қатысу;

27) арнайы мұрағатты, жедел есептерді, анықтамалық, ақпараттық жүйелер мен электрондық ақпараттық ресурстарды құру және пайдалану;

28) заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалатын өзге де өкілеттіктерді орындау.

 Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.02.13 № 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2013.01.16 № 71-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.04.2014 N 185-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


Статья 1 ...7 8 9 9-1 10 ...22 

Перейти к статье
Скачать бесплатно Сыртқы барлау туралы 2010 жылғы 22 мамырдағы № 277-IV 

Задать вопрос на юридическом форуме



Добавить комментарий к 9-бап Сыртқы барлау туралы 2010 жылғы 22 мамырдағы № 277-IV