Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< Аудиторлық қызмет туралы

Аудиторлық қызмет туралы
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар



Ст. 1 Аудиторлық қызмет туралы 1998 жылғы 20 қарашадағы N 304-I



Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 

1) аккредиттелген кәсiби аудиторлық ұйым (бұдан әрi - кәсiби ұйым) - аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды біріктіретін коммерциялық емес ұйым; 

2) аккредиттеу - уәкiлеттi органның осы Заңда көзделген кәсiби аудиторлық ұйымдардың құқықтылығын ресми тануы; 

3) аудит - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржылық есептiлiк және қаржылық есептілікке байланысты басқа да ақпарат туралы тәуелсiз пiкiр бiлдiру мақсатымен тексеру; 

4) аудитор - Аудиторларға кандидаттарды аттестаттау жөніндегі біліктілік комиссиясы (бұдан әрі - Біліктілік комиссиясы) аттестаттаған, "аудитор" біліктілігін беру туралы біліктілік куәлігін алған жеке тұлға; 

5) аудиторлық есеп - жүргiзiлген аудиттiң нәтижесi болып табылатын жазбаша ресми құжат; 

6) аудиторлық қызмет - қаржылық есептіліктің және қаржылық есептілікке байланысты басқа да ақпараттың аудитiн жүргiзу және қызмет бейiнi бойынша қызметтер ұсыну жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет; 

7) аудиторлық ұйым - аудиторлық қызметтi жүзеге асыру үшiн құрылған коммерциялық ұйым; 

8) аудиттелетін субъект – өзіне қатысты аудит, салықтар бойынша аудит жүргізілетін заңды тұлға, заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның филиалдары және (немесе) өкілдіктері, дара кәсіпкер; 

9) аттестаттау - Біліктілік комиссиясының аудиторларға кандидаттардың білімдері мен дағдыларын айқындау рәсімі; 

10) Әдеп кодексi - аудиторлардың кәсiби қызметiнiң әдеп ережелерi жиынтығы; 

10-1) мүдделер қақтығысы - аудиторлық ұйымның мүдделілігі аудиттелетін субъектінің қаржылық есептілігінің дұрыстығы туралы оның пікіріне әсер етуі мүмкін жағдай; 

10-2) дұрыс емес аудиторлық есеп - Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын бұза отырып жасалған, қаржылық есептілік туралы және аудит стандарттарында көзделген ақпарат туралы дұрыс емес және (немесе) толық емес мәліметтерді қамтитын, пайдаланушыларды шатастыратын аудиторлық есеп; 

10-3) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудит – бюджет қаражатын пайдалану мәселесі жөніндегі аудит; 

11) көрiнеу дұрыс емес аудиторлық есеп - аудит жүргiзiлмей жасалған немесе пайдаланушыларды қасақана шатастыратын пiкiр жазылған аудиторлық есеп; 

РҚАО-ның ескертпесі!

11-1) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

11-1) салықтар бойынша анық емес аудиторлық қорытынды – аудиторлық ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жасаған, салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу мен төлеудің дұрыстығы, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толықтығы мен уақтылығы, әлеуметтік аударымдарды есептеудің және төлеудің толықтығы мен уақтылығы мәселелері бойынша анық емес және (немесе) толық емес мәліметтері бар, сондай-ақ салықтар бойынша аудит жүргізілмей жасалған немесе қасақана жаңылыстыруға әкеп соғатын пікірі бар қорытынды; 

РҚАО-ның ескертпесі!

11-2) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

11-2) салықтар бойынша аудит – уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүргізілетін, салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемнің барлық түрлері бойынша есептеу мен төлеудің дұрыстығы, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толықтығы мен уақтылығы, әлеуметтік аударымдарды есептеудің және төлеудің толықтығы мен уақтылығы мәселесі бойынша аудит; 

11-3) салықтар бойынша аудиторлық қорытынды – салықтар бойынша аудит нәтижелері бойынша жасалған қорытынды; 

12) Алынып тасталды - ҚР 2009.02.20 N 138 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен; 

13) ұйымдардың стандарттары - аудиторлық ұйымның Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, аудит жүргізу тәртібіне бірыңғай талаптарды белгілейтін ішкі құжаттары; 

14) уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - аудиторлық қызмет саласында реттеу мен аудиторлық және кәсiби ұйымдардың қызметiне бақылауды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.  

Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.02.20 N 138 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.11.2015 № 393-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


Статья 1 2 3 ...30 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 1-бап Аудиторлық қызмет туралы 1998 жылғы 20 қарашадағы N 304-I