Ваш гид в законодательстве Казахстана


Печать

Ст. 11 Ақпаратқа қол жеткізу туралы 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V ҚРЗ


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 05.12.2024

Ақпаратқа қол жеткізу туралы
11-бап. Сұрау салу бойынша ақпарат беру

1. Сұрау салу бойынша ақпарат тегін беріледі.

2. Қол жеткізу шектелген ақпаратты қоспағанда, сұрау салу бойынша кез келген ақпарат беріледі.

3. Сұрау салу құзыретіне сұратылатын ақпаратты беру кіретін ақпарат иеленушіге жіберілуге тиіс.

Сұрау салу ауызша немесе жазбаша нысанда, оның ішінде электрондық құжат түрінде берілуі мүмкін.

4. Ақпарат пайдаланушы өзі келіп немесе телефон арқылы ауызша сұрау салып өтініш жасай алады.

Ауызша сұрау салуға мынадай ақпарат бойынша жауап беріледі:

1) ақпарат иеленушінің жұмыс кестесі;

2) ақпарат иеленушілердің, олардың құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық органдарының және ведомстволық бағынысты ұйымдарының пошта мекенжайы, электрондық поштасының және (немесе) интернет-ресурстарының мекенжайы, анықтама қызметтерінің телефондары, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтер;

3) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау тәртібі;

4) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, сұрау салуларын, арыздарын және шағымдарын қарау тәртібі;

5) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі;

6) сот істерін қарау кестелері;

7) ашық конкурстық сауда-саттықтар (аукциондар, тендерлер) өткізу күні мен орны туралы мәліметтер;

8) жергілікті қоғамдастық жиынын, жергілікті қоғамдастық жиналысын шақыру уақыты, орны және талқыланатын мәселелер;

9) ақпарат иеленуші құрған бұқаралық ақпарат құралдары туралы мәліметтер (болған жағдайда);

10) бос лауазымдардың бар екендігі туралы ақпарат алу үшін телефон нөмірлері.

Ауызша сұрау салуға жауап берілген жағдайда, жауапты берген адамның есімі мен лауазымы көрсетіледі.

5. Жазбаша сұрау салуда:

1) ақпаратты сұрататын жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі;

2) заңды тұлға атынан жүгіну кезінде – заңды тұлғаның толық атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі, сұрау салудың шығыс нөмірі және күні, оған қол қойған адамның тегі, аты-жөні мен лауазымы көрсетіледі.

Сұрау салуда пошта мекенжайы немесе электрондық поштасының мекенжайы, телефон немесе телефакс нөмірі, өзге де байланыс құралдары көрсетілуге тиіс.

Жазбаша сұрау салуға жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі қол қоюға тиіс. Электрондық құжат түріндегі сұрау салу электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылуға тиіс.

Мемлекет жүз пайыз қатысатын тұлғаларды қоспағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілері бірінші басшыларының блог-платформасы арқылы жіберілген электрондық нысандағы сұрау салу жазбаша сұрау салуға теңестіріледі.

Ақпарат пайдаланушының "электрондық үкіметтің" веб-порталында есепке алу жазбалары болған және оған ұялы байланыс операторы берген ақпарат пайдаланушының абоненттік нөмірі қосылған жағдайда мемлекет жүз пайыз қатысатын тұлғаларды қоспағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілері бірінші басшыларының блог-платформасы арқылы жіберілетін сұрау салуға оның қол қоюы талап етілмейді.

6. Ақпарат иеленушіге тікелей өтініш жасаған және жазбаша нысанда сұрау салу берген ақпарат пайдаланушыға күні мен уақыты, сұрау салуды қабылдаған адамның тегі және инициалдары көрсетілген талон беріледі.

7. Анонимдік сұрау салуларды қоспағанда, осы Заңда белгіленген тәртіппен берілген жазбаша сұрау салулар міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады.

8. Жазбаша сұрау салулар жеке немесе заңды тұлғаның өкілдері арқылы енгізілуі мүмкін. Өкілдікті ресімдеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

9. Көпшілікке қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін сұрау салулар осы Заңда белгіленген тәртіппен қаралуға жатады.

10. Жазбаша сұрау салуға жауап ақпарат иеленушіге сұрау салу келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде беріледі.

Сұратылатын ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кіретін және жазбаша сұрау салуға жауап беру кезінде өзге де ақпарат иеленушілерден ақпарат алу талап етілетін жағдайларда, ақпарат иеленушінің басшысы қарау мерзімін күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге бір рет ұзартуы мүмкін, бұл туралы қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде ақпарат пайдаланушыға хабар беріледі.

11. Құзыретіне сұратылатын ақпарат беру кірмейтін ақпарат иеленушіге келіп түскен жазбаша сұрау салу ол келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде тиісті ақпарат иеленушіге жіберіледі, бір мезгілде бұл туралы сұрау салуды жіберген ақпарат пайдаланушы хабардар етіледі.

12. Жазбаша сұрау салуға жауап өтініш жасалған тілде ақпарат пайдаланушының таңдауы бойынша қағаз және (немесе) электрондық нысандарда беріледі.

Ауызша сұрау салуға жауап өтініш жасалған тілде ауызша нысанда беріледі.

13. Егер жазбаша сұрау салуға жауап көшірме жасауды немесе басып шығаруды көздейтін болса, онда ақпарат пайдаланушы ақпарат иеленушінің көшірме жасауға немесе басып шығаруға жұмсаған нақты шығындарын өтеуге міндетті.

Көшірме жасауға немесе басып шығаруға жұмсалатын нақты шығындардың мөлшерлері және оларды төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында міндетті түрде жариялануға және ақпарат иеленушілердің интернет-ресурстарында орналастырылуға жатады.

Халықтың әлеуметтік осал топтары көшірме жасауға немесе басып шығаруға жұмсалатын нақты шығындарды төлеуден босатылады.

14. Жазбаша сұрау салуға жауапта ақпарат иеленушінің атауы, пошта мекенжайы, жауапқа қол қойған адамның лауазымы, сұрау салудың тіркелген күні және нөмірі көрсетіледі.

15. Егер сұратылатын ақпарат осы Заңда белгіленген тәртіппен орналастырылса, онда ақпарат иеленуші ақпарат пайдаланушыға сұратылатын ақпаратқа қол жеткізу тәсілдері мен орны туралы мәліметтерді бір мезгілде жібере отырып, бұл туралы үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды.

Қайталап өтініш жасалған кезде, ақпарат иеленуші сұратылатын ақпаратты осы бапта көзделген тәртіппен береді.

16. Ақпаратқа қол жеткізуден:

1) егер сұрау салу мазмұны сұратылатын ақпаратты анықтауға мүмкіндік бермесе;

2) егер сұрау салу осы Заңның талаптарына сәйкес келмесе;

3) егер сұратылатын ақпарат қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызылса;

4) егер сұрау салуда ақпарат иеленуші қабылдаған актілерді құқықтық бағалау, ақпарат иеленушінің не оған ведомстволық бағынысты органдар мен ұйымдардың қызметіне талдау жүргізу немесе өзге де талдамалық жұмысты жүргізу аяқталғанға дейін ол туралы мәселе қойылса;

5) мемлекеттік бақылау және қадағалау шеңберінде жүргізілетін тексерулер нәтижелері бойынша шешімдер қабылданғанға дейін;

6) ведомствоаралық және ведомствоішілік хат-хабар алмасу негізінде немесе мемлекеттік органдардағы кеңестер негізінде тұжырымдалатын түпкілікті шешімдер қабылданғанға дейін;

7) шет мемлекеттерден немесе халықаралық ұйымдардан келіп түскен құжаттарды ашу шарттары туралы өзара келісім қабылданғанға дейін бас тартылады.

17. Жазбаша сұрау салу бойынша ақпарат беруден бас тарту туралы уәжді жауап сұрау салу тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ақпарат пайдаланушының назарына жеткізіледі.

18. Сұрау салулармен жұмысты ұйымдастыруға, оларды қабылдаудың, тіркеудің, есепке алудың және қараудың жай-күйі үшін ақпарат иеленушілердің басшылары жеке жауапты болады.

Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2020 № 394-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 ...9 10 11 12 13 ...21

Перейти к статье
Новые комментарии на сайте

Здравствуйте хотели аренду взять перед магазином свободный участок под стоянку по какому закону ссылаться ?


Саламатсыздарма сот орындаушы сотка откен ис бойынша толемеген кредит ушин букил айлыгымды устап калды каншалыкты занды 261. От 02.04.2010 ст 35 деп корсетип жане п2,ст 55 корсетилген мен соны тусинбедим


Здравствуйте,сына вынудили написать заявление по собственному желанию и не оплатили за не использованный отпуск,прав ли работодатель? Сын проработал 7 месяцев,положена ли ему компенсация?


Здравствуйте можно отказаться от производственным необходимостью. Они меня пугают если откажусь. Я уже целый год меня отработала уже на другой работе. Которые каждый раз уходит больнисный отпуск и


Последние комментарии






Вы юрист? Нужны новые клиенты?
Разместите информацию о себе

- Это бесплатно

- Информация о 5 лучших юристах на всех страницах сайта

- Эту рекламу видят более 10 000 посетителей в день

- Для поднятия рейтинга надо отвечать на вопросы пользователей

Зарегистрироваться