Ваш гид в законодательстве Казахстана


Печать

Ст. 1 ҚР Әлеуметтік Кодексі 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 08.11.2024

ҚР Әлеуметтік Кодексі
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар

1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 

1) абилитация – мүгедектігі бар адамдардың бойында тұрмыстық, қоғамдық және кәсіптік қызметке қабілеттілікті қалыптастыруға және дамытуға бағытталған шаралар кешені; 

2) адамға (отбасына) көмектің жеке жоспары (бұдан әрі – жеке жоспар) – мансап орталығы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге жүгінген адаммен және (немесе) оның отбасы мүшелерімен бірлесіп жасаған жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары; 

3) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға; 

4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер – адамның тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын негіздерді еңсеру үшін адамға (отбасына) жағдай жасауды қамтамасыз ететін және оның қоғам өміріне басқа азаматтармен бірдей қатысу мүмкіндіктерін жасауға бағытталған көрсетілетін қызметтер кешені; 

5) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге арналған бағаның шектері – арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген мемлекеттік құнын қамтамасыз етуге арналған тарифтердің ең жоғары және ең төмен деңгейлері; 

6) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адам (отбасы) – осы Кодекстің 133-бабында көзделген, адамның тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, оны өз бетінше еңсере алмайтын негіздер бойынша осындай деп танылған адам (отбасы); 

7) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушы – арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылған адам (отбасы); 

ЗҚАИ-ның ескертпесі!

8) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 15.04.2024 № 72-VIII (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.


8) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілер – арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі мемлекеттік және мемлекеттік емес секторларда жұмыспен қамтылған жеке және (немесе) заңды тұлғалар; 

9) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары – жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылған және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адамдарға (отбасыларға) стационар, жартылай стационар, уақытша болу жағдайларында және үйде арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдар; 

10) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттары – арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынудың сапасына, көлеміне және шарттарына қойылатын ең төмен талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық актілер; 

10-1) арнаулы әлеуметтік төлем – еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарға жүзеге асырылатын ақшалай төлемдер; 

11) арнаулы жүріп-тұру құралдары – мүгедектігі бар адамның жүріп-тұруын қамтамасыз ететін техникалық көмек түрі; 

12) ассистент – мансап орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультантқа және кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне консультациялар, әңгімелесулер өткізуде, сондай-ақ әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуде жәрдем көрсету жөніндегі функцияларды орындайтын жұмыскері; 

13) асыраушы – өзінің асырауындағы отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерін өз кірісі есебінен асырайтын адам; 

14) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі уәкілетті орган –республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы; 

15) әлеуметтік аударымдар – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды төлеушілер төлейтін ақша; 

16) әлеуметтік аударымдар бойынша берешек – осы Кодексте белгіленген мерзімдерде есептелген және төленбеген әлеуметтік аударымдар сомалары, сондай-ақ төленбеген өсімпұл сомалары; 

17) әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесі – әлеуметтік аударымдар есептелетін объектінің шамасына пайыздық қатынаспен көрсетілген, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін міндетті төлемдердің тіркелген мөлшері; 

ЗҚАИ-ның ескертпесі!

18) тармақшаның бірінші абзацының қолданысы 01.01.2025 дейін тоқтатыла тұрады, тоқтатыла тұру кезеңінде қолданыста болатын редакцияны осы Кодекстің 262-бабынан қараңыз.

18) әлеуметтік аударымдарды төлеуші (бұдан әрі – төлеуші) – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды есептеуді және төлеуді жүзеге асыратын жұмыс беруші, дара кәсіпкер, оның ішінде шаруа немесе фермер қожалығы, жеке практикамен айналысатын адам, оның ішінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төлеуді жүзеге асыратын салық агенттері. 

"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 319-бабы 2-тармағы 31) тармақшасының тоғызыншы абзацына сәйкес жергілікті атқарушы органдар немесе жеке көмекшілерге материалдық пайда төлеген кезде өзге де заңды тұлғалар, сондай-ақ осы Кодекстің 243-бабы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында аталған адамдар үшін әлеуметтік аударымдарды төлейтін, осы Кодекстің 102-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында айқындалған интернет-платформа операторы әлеуметтік төлемдерді төлеушілер деп танылады; 

19) әлеуметтік бейімделудің бұзылуы – жеке адамның әлеуметтік ортамен өзара іс-қимылының бұзылуы; 

20) әлеуметтік депривация – адамның (отбасының) негізгі өмірлік қажеттіліктерін өз бетінше қанағаттандыру мүмкіндігін шектеу және (немесе) одан айыру; 

21) әлеуметтік еңбек саласындағы бірыңғай ақпараттық жүйе – уәкілетті мемлекеттік органның, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, еңбек мобильділігі орталықтарының, мансап орталықтарының, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметін автоматтандыруға және әлеуметтік-еңбек саласында халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылға арналған ақпараттандыру объектісі; 

22) әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультант – мансап орталығының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға және табысы аз адамның (отбасының) кедейлік шегінде болуға байланысты жағдайдан шығуына жәрдемдесуді жүзеге асыратын жұмыскері; 

23) әлеуметтік жұмыскер – арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін және (немесе) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындауды жүзеге асыратын, белгіленген талаптарға сәйкес келетін қажетті біліктілігі бар жұмыскер; 

24) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау – кәсіп таңдауда, қызмет түрін ауыстыруда және кәсіптік білімді, дағдыларды, жеке басының мүдделерін және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып біліктілігін арттыруда практикалық көмек көрсетуге бағытталған өзара байланысты іс-шаралар кешені; 

25) әлеуметтік келісімшарт – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы мен еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) арасындағы, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастыруға тартылған жеке немесе заңды тұлғалармен арадағы, тараптардың құқықтарын және міндеттерін айқындайтын, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы келісім; 

26) әлеуметтік тәуекел – еңбекке қабілеттіліктен айырылуға және (немесе) жұмысынан айырылуға, асыраушысынан айырылуға, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылуға алып келген оқиғаның туындауы, соның нәтижесінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы не ол қайтыс болған жағдайда, оның асырауында болған отбасы мүшелері осы Кодекске сәйкес әлеуметтік төлемдерді алу құқығына ие болады; 

27) әлеуметтік төлемдер – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік төлемді алушының пайдасына жүзеге асыратын төлемдер; 

28) әлеуметтік төлемді алушы – әлеуметтік тәуекел жағдайы туындағанға дейін өзі үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүргізілген және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры оған қатысты әлеуметтік төлемдерді тағайындау туралы шешім шығарған жеке тұлға, ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылатын адам қайтыс болған жағдайда – қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелері; 

29) әртараптандыру – зейнетақы активтерінен айрылу тәуекелін төмендету мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген талаптарға сәйкес оларды түрлі қаржы құралдарына орналастыру; 

30) баспасөз басылымы – тізбесін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын мерзімді баспасөз басылымдары; 

31) биометриялық сәйкестендіру – жеке тұлғаның физиологиялық және биологиялық өзгермейтін белгілері негізінде оның жеке басын анықтау рәсімі; 

32) бос орын – жұмыс берушідегі бос жұмыс орны (лауазым); 

33) біржолғы зейнетақы төлемі – осы Кодексте белгіленген тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы (зейнетақы төлемдерін алушы) тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын, міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары сомасы; 

34) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөніндегі қызметті, сондай-ақ осы Кодексте айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын заңды тұлға; 

35) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясы – инвестициялау объектілерінің тізбесін, зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық қызметтің мақсаттарын, стратегияларын, қойылатын шарттары мен шектеулерін, зейнетақы активтерін хеджирлеуге және әртараптандыруға қойылатын шарттарды айқындайтын құжат; 

36) бірыңғай төлемді төлеуші – "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 776-1-бабына сәйкес айқындалған салық агенті; 

37) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым – акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын және "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің және жарғының негізінде депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым; 

38) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс; 

39) еңбек нарығы – жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсынысты қалыптастыратын сала; 

40) еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесі – жұмыс күшіне деген болжамды сұраныс пен ұсынысты айқындауға мүмкіндік беретін, қолданылатын әдістер мен тәсілдер кешені; 

41) Еңбек ресурстарын дамыту орталығы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша уәкілетті мемлекеттік органның жанынан құрылатын, еңбек нарығын ақпараттық-талдамалық жағынан сүйемелдеуді, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын, жұмыспен қамту қызметтерін әдіснамалық жағынан қолдауды, әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін дамыту мен қолдап отыруды қамтамасыз ететін заңды тұлға; 

42) еңбек мобильділігі орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын әзірлеу және іске асыру мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға; 

43) еңбекке қабілетті адам (отбасының еңбекке қабілетті мүшесі) – бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды және (немесе) екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдарды қоспағанда, он сегіз жастан бастап осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағында көзделген жасқа дейінгі адам немесе отбасы мүшесі; 

44) еркін таңдап алынған жұмыспен қамту – Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың, Қазақстан Республикасында тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың еңбекке, кәсіп пен қызмет түрін таңдауға деген қабілетін еркін пайдалану арқылы өздері таңдап алған қызметі; 

45) ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы негізінде ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы; 

46) ерікті зейнетақы жарналары – ерікті зейнетақы жарналарының салымшылары Қазақстан Республикасының заңнамасында және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта айқындалатын тәртіппен зейнетақы төлемдерін алушының пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына өз бастамасы бойынша салатын ақша және (немесе) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударатын кепілдік берілген депозит бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы; 

47) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт – ерікті зейнетақы жарналарына, жинақтарға және зейнетақы төлемдерін алуға байланысты құқықтық қатынастарды белгілеу, өзгерту немесе тоқтату туралы шарт, оның қойылатын шарттарын салымшы (алушы) ұсынылған шартқа тұтастай қосылу жолымен ғана қабылдайды; 

48) ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін төлемнің ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта айқындалатын мөлшері, оны ерікті зейнетақы жарналарының салымшысы өзі дербес айқындайды және өз қалауы бойынша өзгертуі мүмкін; 

49) ерікті зейнетақы жарналарының салымшысы – ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа сәйкес зейнетақы төлемдерін алушының пайдасына ерікті зейнетақы жарналарын өзінің меншікті қаражаты есебінен жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ кепілдік берілген депозит бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен жүзеге асыратын жеке тұлға; 

50) жалақыны субсидиялау – жұмыс берушінің субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеуге жұмсаған шығындарын толық немесе ішінара өтеу; 

51) жалдамалы жұмыскер – жұмыс істелген уақыт не өндірілген тауардың бірлігі үшін не көрсетілген қызметтер үшін тәртіп пен төлемді тапсырыс беруші айқындайтын еңбек шарты бойынша жұмысты орындайтын не азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға; 

52) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының жиынтық кірісінің айына отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі; 

ЗҚАИ-ның ескертпесі!

53) тармақша 01.01.2028 бастап қолданысқа енгізіледі - осы Кодекстің 263-бабын қараңыз.

53) жасына байланысты зейнетақының ең төмен мөлшері – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына арнап белгіленген жасына байланысты зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері; 

54) жеке зейнетақы шоты – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның (зейнетақы төлемдерін алушының) міндетті зейнетақы жарналары не міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары не ерікті зейнетақы жарналары, инвестициялық кіріс, өсімпұл және өзге де түсімдер есепке алынатын және зейнетақы төлемдері жүргізілетін жеке атаулы шоты; 

55) жеке көмекші – жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды бірге алып жүру және объектілерге барған кезде көмек көрсету бойынша қызметтер көрсететін адам; 

56) жеке практикамен айналысатын адам – жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат және кәсіби медиатор; 

57) жиынтық кіріс – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ескерілетін кіріс түрлерінің сомасы; 

58) жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен агенттер меншікті қаражаты есебінен шартты зейнетақы шотына аударған ақша; 

59) жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі – агенттің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлемінің жұмыскердің кірісіне пайыздық қатынаста көрсетілген, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын мөлшері; 

60) жұмыс күші – жұмыспен қамтылған және жұмыссыз халық; 

61) жұмыс күшінің құрамына кірмейтін адамдар – жұмыспен қамтылған немесе жұмыссыз болып табылмайтын адамдар; 

62) жұмыс орны – жұмыскердің еңбек қызметі процесінде еңбек міндеттерін орындауы кезінде тұрақты немесе уақытша болатын орны; 

63) жұмыс іздеуші адам – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін мансап орталығына жүгінген жеке тұлға; 

64) жұмысқа орналастыру – халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге ықпал етуге арналған ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық іс-шаралар кешені; 

65) жұмысқа орналастырудың жеке жоспары – жұмыссыздың жеке деректері, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша жоспарланатын және іске асырылатын іс-шаралар көрсетілетін құжат; 

66) жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген, еңбек делдалдығын көрсететін жеке немесе заңды тұлға; 

67) жұмыссыз – жұмыс іздеуші және жұмысқа кірісуге дайын жеке тұлға; 

68) зейнетақы – мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің және (немесе) жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің және (немесе) еңбек сіңірген жылдары үшін және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерінің және (немесе) зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес сақтандыру ұйымы төлейтін сақтандыру төлемдерінің жиынтығы; 

69) зейнетақы активтері – зейнетақы төлемдерін, аударымдарды қамтамасыз етуге және жүзеге асыруға, сондай-ақ осы Кодексте көзделген өзге де мақсаттарға арналған ақша, бағалы қағаздар, өзге де қаржы құралдары; 

70) зейнетақы активтерінің инвестициялық кірісі – зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижесінде алынған (алынуға жататын) ақша; 

71) зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі – зейнетақы активтерінің құрамына кіретін қаржы құралдарының жиынтығы; 

72) зейнетақы аннуитеті шарты – сақтандыру шарты, оған сәйкес бір тарап (сақтанушы) сақтандыру ұйымына зейнетақы жинақтарының сомасын (сатып алу сомасын) беруге міндеттенеді, ал екінші тарап (сақтандыру ұйымы) сақтанушының және (немесе) сақтандырылушының сақтандырылушылардың) пайдасына өмір бойы немесе белгілі бір уақыт кезеңі ішінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға міндеттенеді; 

73) зейнетақы және жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері; 

74) зейнетақы жинақтары – шарттарға, осы Кодекске, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның (зейнетақы төлемдерін алушының) жеке зейнетақы шотында есепке алынатын, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және ерікті зейнетақы жарналарын, инвестициялық кірісті, өсiмпұлды және өзге де түсімдерді қамтитын ақшасы; 

ЗҚАИ-ның ескертпесі!

75) тармақшаның 01.01.2028 бастап қолданыста енгізілетін редакциясын осы Кодекстің 263-бабынан қараңыз.

75) зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен емес ай сайынғы зейнетақымен қамсыздандыруға қажетті, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалған, міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төмен мөлшері; 

76) зейнетақымен қамсыздандыру – азаматтарды зейнеткерлік жас басталған кезде зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, экономикалық және әлеуметтік шаралар және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайлар жиынтығы; 

77) зейнетақы төлемдері: 

жасына байланысты зейнетақы төлемі – 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты ай еңбек өтілі бар жеке тұлғаларға еңбек өтіліне пропорционалды түрде жүзеге асырылатын ақша төлемдері; 

еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемі – әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік органдардың және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдарға және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы медициналық лауазымдары 2022 жылғы 1 шілдеден және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қысқартылған, лауазымы қысқартылған кезде еңбек сіңірген жылдары үзіліссіз әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік органдардағы және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде он екі жыл және алты ай болған адамдар қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде орналасқан медициналық ұйымдарда жұмысын жалғастырған жағдайда, осындай адамдарға осы Кодекске сәйкес төленетін ақша төлемі; 

бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемі – өздері үшін міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және (немесе) ерікті зейнетақы жарналары төленген жеке тұлғаларға төленетін ақша төлемі; 

сақтандыру ұйымынан төленетін зейнетақы төлемі – зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес жеке тұлғаларға сақтандыру ұйымынан төленетін ақша төлемі; 

ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемі – өздері үшін ерікті зейнетақы жарналары төленген жеке тұлғаларға төленетін ақша төлемі; 

78) зейнетақы төлемдерін алушы – мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және (немесе) жасына байланысты зейнетақы төлемдері және (немесе) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері және (немесе) зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемдері тағайындалған жеке тұлға; 

ЗҚАИ-ның ескертпесі!

79) тармақшаның 01.01.2028 бастап қолданыста енгізілетін редакциясын осы Кодекстің 263-бабынан қараңыз.

79) зейнетақының ең төмен мөлшері – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген зейнетақының ең төмен мөлшері; 

80) инвестициялық портфельді басқарушы – "Бағалы қағаздар рыногы туралы" және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензия негізінде өз атынан және клиенттің мүдделеріне орай және оның есебінен инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыру үшін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органының талаптарына сәйкес келетін бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы; 

81) интернет-платформа – интернет-платформа операторы, тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыруға арналған интернет-ресурс; 

82) кастодиан-банк – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның кастодиандық қызметке арналған лицензиясына ие екінші деңгейдегі банк; 

83) кастодиандық шарт – кастодиан-банк пен оның клиенті жасасатын, кастодиандық қызмет көрсету бойынша клиентке көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртібін айқындайтын сақтау және тапсырма беру шарты; 

84) кәсіптік бағдарлау – мүгедектігі бар адамға еңбек қызметінің түрлерін таңдауда көмек көрсетуге бағытталған шаралар жүйесі; 

85) кәсіптік оқыту – осы Кодексте көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары шеңберінде жаңа мамандықтарды (кәсіптерді), дағдыларды меңгеру және біліктілікті арттыру мақсатында кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды қамтитын оқыту; 

86) кедейлік шегі – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін айқындау үшін өлшемшарт ретінде белгіленетін, бір адамға шаққандағы ақшалай кірістің шекті ең төмен шамасы; 

87) күтім жасайтын адам – бірінші топтағы мүгедектігі бар адаммен туыстық байланысы барына қарамастан, оған тікелей күтім жасайтын жеке тұлға; 

88) кірісті алмастыру коэффициенті – әлеуметтік тәуекел жағдайына қарай айқындалатын коэффициент; 

88-1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл (бұдан әрі – омбудсмен) – Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын және халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл жасай отырып, олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатында өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асыратын адам; 

89) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган; 

90) қатысу өтілінің коэффициенті – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жалпы қатысу өтіліне қарай айқындалатын коэффициент; 

91) мансап орталығы – еңбек мобильділігі орталығының функцияларын аудандарда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада орындауды жүзеге асыратын филиалы; 

92) медициналық абилитация – мүгедектігі бар балалардың қалыптаспаған функциялар мен дағдыларды меңгеруіне немесе қалпына келтіруге және оларды қоғамға интеграциялауға бағытталған медициналық оңалту процесі; 

93) медианалық кіріс – оған қатысты халықтың жартысында кірісі жоғары, ал халықтың жартысында кірісі төмен болатын кіріс шамасы; 

94) медициналық оңалту – организмнің бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын сақтауға, ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық көрсетілетін қызметтер кешені; 

95) медициналық-әлеуметтік сараптама – мүгедектікті және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеп (белгілемей), куәландырылатын адамның организмі функцияларының тұрақты бұзылуынан туындаған тыныс-тіршілігінің шектелуін бағалау, сондай-ақ оның әлеуметтік қорғау шараларын қажетсінуін айқындау; 

96) медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі – уәкілетті мемлекеттік органның медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізетін құрылымдық бөлімшесі; 

97) медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшысы – уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін және медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының тізілімінде тұратын жеке тұлға; 

98) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – атаулы әлеуметтік көмек) – жан басына шаққандағы орташа айлық кірісі облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға (отбасыларға) мемлекет беретін көмек; 

99) мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар – азаматтарға мүгедектік туындаған және асыраушысынан айырылған кезде берілетін ақшалай төлемдер; 

100) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (бұдан әрі – Қор) – әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды, асыраушысынан айырылған жағдайда, отбасы мүшелерін – асырауындағыларды қоса алғанда, өздеріне қатысты әлеуметтік тәуекел жағдайы туындаған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік төлемдерді тағайындауды және жүзеге асыруды жүргізетін, құрылтайшысы және жалғыз акционері мемлекет болып табылатын, акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым; 

101) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтері (бұдан әрі – Қордың активтері) – осы Кодексте көзделген мақсаттарға арналған ақша, бағалы қағаздар, өзге де қаржы құралдары; 

102) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының инвестициялық декларациясы (бұдан әрі – Қордың инвестициялық декларациясы) – Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде инвестициялау үшін мақсаттарды, стратегияны, объектілер тізбесін, Қордың активтеріне қатысты инвестициялық қызметтің шарттары мен шектеулерін, Қордың активтерін хеджирлеу және әртараптандыру шарттарын айқындайтын құжат; 

103) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының инвестициялық кірісі (бұдан әрі – Қордың инвестициялық кірісі) – Қордың активтерін инвестициялау нәтижесінде алынған (алынуға жататын) ақша; 

104) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына байланысты берілетін ай сайынғы ақшалай төлем; 

105) мүгедектік – организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығының нашарлауы салдарынан адамның тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесі; 

106) мүгедектігі бар адам – тыныс-тіршілігінің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне алып келетін, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, бұзылуларына байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам; 

107) мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік жағынан оңалту – мүгедектігі бар адамдардың тыныс-тіршіліктің шектелуін еңсеруіне жағдай жасауға, олардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге, әлеуметтік-тұрмыстық және ортаға бейімделуіне бағытталған шаралар кешені; 

108) мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік жағынан оңалту – мүгедектігі бар адамдардың бұзылған не жоғалтқан кәсіптік дағдыларын, білімі мен машықтарын меңгеруіне немесе қалпына келтіруіне және оларды бейімдеу мен жұмысқа орналастыруға бағытталған шаралар кешені; 

109) мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі – жеке бағдарлама) – мүгедектігі бар адамды абилитациядан және оңалтудан өткізудің нақты көлемін, түрлері мен мерзімдерін оның жеке қажеттіліктері негізінде белгілейтін құжат; 

110) мүгедектігі бар бала – тыныс-тіршілігінің шектелуіне және әлеуметтік жағынан қорғау қажеттігіне алып келетін, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, бұзылуына байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған он сегіз жасқа дейінгі адам; 

111) міндетті әлеуметтік сақтандыру – осы Кодексте көзделген әлеуметтік тәуекел жағдайы туындаған кезде әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген кірістің бір бөлігін өтеу үшін мемлекет ұйымдастыратын, бақылайтын және кепілдік беретін шаралар жиынтығы; 

112) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі – мемлекет белгілейтін және кепілдік беретін, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің субъектілері арасындағы қатынастарды реттейтін нормалар мен қағидалар жиынтығы; 

113) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жалпы қатысу өтілі – әлеуметтік аударымдар түскен айлардың жалпы саны; 

114) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы – өзі үшін әлеуметтік аударымдар төленетін және осы Кодексте көзделген әлеуметтік тәуекел жағдайлары туындаған кезде әлеуметтік төлемдерді алуға құқығы бар жеке тұлға; 

115) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің субъектілері – төлеуші; міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы; алушы; Мемлекеттік корпорация; Қор; Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі; уәкілетті мемлекеттік орган; мемлекеттік кіріс органдары; еңбек мобильділігі орталығы; 

116) міндетті зейнетақы жарналары – осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына енгізілетін ақша; 

117) міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек – осы Кодекске сәйкес белгіленген мерзімдерде есептелген, ұсталған (есепке жазылған) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылмаған міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, сондай-ақ төленбеген өсімпұл сомалары; 

118) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт – міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлға (зейнетақы төлемдерін алушы) талаптарын ұсынылған шартқа тұтастай қосылу арқылы ғана қабылдай алатын қосылу шарты; 

119) міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агент (бұдан әрі – агент) – Қазақстан Республикасындағы қызметін шетелдік заңды тұлғалардың тұрақты мекемесі, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаны қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын есептейтін, ұстап қалатын (есепке жазатын) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударатын жеке немесе заңды тұлға. 

Сақтандыру ұйымы агент ретінде қарастырылады. 

"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 776-1-бабына сәйкес айқындалған салық агенттері жұмыскерлер үшін бірыңғай төлемді есептеу (есепке жазу), аудару жөніндегі агент ретінде қаралады. 

Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған салық агенттері (бұдан әрі – салық агенттері) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын жеке тұлғалар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агент ретінде қарастырылады; 

ЗҚАИ-ның ескертпесі!

119) тармақшаның бесінші абзацының 01.01.2026 бастап қолданыста енгізілетін редакциясын осы Кодекстің 263-бабынан қараңыз.

Осы Кодекстің 102-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында айқындалған интернет-платформа операторы осы Кодекстің 243-бабы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында аталған адамдар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агент ретінде қарастырылады. 

120) міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі – салымшының міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын кірісіне және (немесе) жалақыны (кірісті) жоғалтуға байланысты зиянды өтеу ретінде жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдеріне пайыздық қатынаста көрсетілген, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін төлемнің мөлшері; 

121) міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шоты бар жеке тұлға; 

122) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – агенттер меншікті қаражатының есебінен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын, кәсіптері жұмыскерлер өндірістерінің, жұмыстарының, кәсіптерінің тізбесінде көзделген жұмыскерлердің пайдасына аударған ақша; 

123) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі – жұмыскердің міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын кірісіне пайыздық қатынаста көрсетілген, агенттің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлейтін төлемінің мөлшері; 

124) оңалту – мүгедектігі бар адамның тұрмыстық, қоғамдық, кәсіптік және өзге қызметке қабілетін толық немесе ішінара қалпына келтіруге бағытталған шаралар кешені; 

124-1) өмірдегі қиын жағдай – осы Кодексте көзделген негіздер бойынша адамның тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын деп танылған, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын жағдай; 

124-2) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жан-жақты қолдау көрсетудің интеграцияланған моделі (бұдан әрі – интеграцияланған модель) – ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мақсатында уәкілетті мемлекеттік органның үйлестіруімен мемлекеттік органдардың қатысуын көздейтін ұйымдастырушылық және функционалдық тәсіл; 

125) тыныс-тіршіліктің шектелуі – адамның өзіне-өзі қызмет көрсету, өздігінен жүріп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзінің мінез-құлқын бақылау, оқу және еңбек қызметімен айналысу қабілетінен немесе мүмкіндігінен толық немесе ішінapa айрылуы; 

126) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшасы – ұялы байланыстың абоненттік құрылғысында орнатылған және іске қосылған және интернет-платформа арқылы көрсетілетін қызметтер мен жұмыстарға қолжетімділік беретін бағдарламалық өнім; 

127) протездік-ортопедиялық көмек – мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету жөніндегі медициналық-техникалық көмектің мамандандырылған түрі және оларды пайдалануды үйрету; 

128) сақтандыру жөніндегі дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым – акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, дауыс беретін акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі, "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым; 

129) сақтандыру ұйымы – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде "өмірді сақтандыру" саласында сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға; 

130) сатып алу сомасы – зейнетақы аннуитеті шарты мерзімінен бұрын бұзылған кезде сақтанушының жаңадан жасалған зейнетақы аннуитеті шарты бойынша аударуды жүзеге асыру үшін пайдалануына немесе егер ол Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен, сақтандыру ұйымына Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету фактісін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам болса, сақтандыру ұйымынан алуға құқығы болатын ақша сомасы; 

131) субсидияланатын жұмыс орны – жалақысын толық немесе ішінара субсидиялай отырып, жұмыссыздарды, сондай-ақ оқудан бос уақытта денсаулығына зиян келтірілмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысқа қатысатын студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларын жұмысқа орналастыру үшін, еңбек мобильділігі орталығымен (мансап орталығымен) шарт негізінде жұмыс беруші құратын жұмыс орны; 

132) табысы аз адамдар (отбасылар) – бір айда жан басына шаққандағы орташа табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен адамдар (отбасылар); 

133) тәуелсіз жұмыскер – дара кәсіпкерлерді, жеке практикамен айналысатын адамдарды, шаруашылық серіктестігінің құрылтайшыларын (қатысушыларын) және акционерлік қоғамның құрылтайшыларын, акционерлерін (қатысушыларын), өндірістік кооперативтің мүшелерін қоспағанда, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру (өткізу) жөніндегі қызметті өзі дербес, кіріс алу мақсатында, өз қызметін мемлекеттік тіркеусіз жүзеге асыратын жеке тұлға; 

134) техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар: 

протездік-ортопедиялық құралдар – аяқ-қолдың жоқтығын немесе дененің басқа да мүшелерін алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудің салдарынан организмнің бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар; 

сурдотехникалық құралдар – есту қабілетінің бұзылуын түзеуге және оның орнын толтыруға арналған техникалық құралдар, сондай-ақ дыбысты күшейтетін байланыс және ақпарат беру құралдары; 

тифлотехникалық құралдар – мүгедектігі бар адамдардың көру қабілетінің бұзылуы салдарынан жоғалтқан мүмкіндіктерін түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар; 

міндетті гигиеналық құралдар – табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған құралдар; 

135) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Қордың қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 

136) уәкілетті оператор – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдеріне арналған арнаулы шоттарды ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын заңды тұлға (заңды тұлғалар), сол шоттарға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан біржолғы зейнетақы төлемдерін аударуды жүзеге асырады; 

137) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия; 

138) үлестес тұлғалар – шешімдерді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындауға және (немесе) бір-бірінің (тұлғалардың бірінің) қабылдайтын шешімдеріне ықпал етуге, оның ішінде жасалған мәміленің күшіне қарай ықпал етуге мүмкіндігі бар (өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды және ұлттық басқарушы холдингті қоспағанда) жеке немесе заңды тұлғалар. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерінің құрамында ұлттық басқарушы холдингтің болуы тұлғаларды бір-біріне қатысты үлестес деп айқындауға негіз болып табылмайды; 

139) халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган – облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы бағыттарды айқындайтын жергілікті атқарушы органы; 

140) халықты жұмыспен қамту – Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, жалақы немесе кіріс әкелетін, жеке және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруға байланысты еңбек қызметі; 

141) халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтер аутсорсингі – еңбек мобильділігі орталықтарының көрсетілетін қызметтерді халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтер аутсорсингі туралы шарт негізінде жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктеріне беруіне бағытталған іс-шаралар кешені; 

142) шарт қойылатын ақшалай көмек – табысы аз адамдардың (отбасылардың) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (немесе) қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына міндетті түрде қатысуы шартымен оларға ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі; 

143) шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу мүмкіндіктері шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі; 

144) шартты зейнетақы міндеттемелері – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де түсімдер есебінен төленетін зейнетақы төлемдері бойынша міндеттемелері; 

145) шартты зейнетақы шоты – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке тұлғаның атына ашылған, жұмыс берушінің келіп түскен міндетті зейнетақы жарналары және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де түсімдер туралы мәліметтер, сондай-ақ тиісті қаржы жылы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері туралы мәліметтер есепке алынатын шот; 

146) ымдау тілі маманы – мүгедектігі бар адамдар үшін қандай да бір тілден дактильді әліпбиге және (немесе) ымдау тілінде сурдоаударма жасау бойынша қызмет көрсететін маман. 

2. Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасының басқа да арнаулы ұғымдары мен терминдері осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мағыналарда пайдаланылады. 

Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 21.12.2023 № 49-VIII (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі); 23.12.2023 № 50-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 15.04.2024 № 72-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.07.2024 № 104-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Статья 1 2 3 ...263

Перейти к статье
Новые комментарии на сайте

Менің жұбайым 1 топ мүгедегі мен оның қорғаншысымын. Өзім мектепте жұмыс жасаймын, жалақымнан салық ұстамайтын заң барма


Я думаю погуглите бейсбол, в свободное время много раз в него играл, довольно интересно для такого любителя спорта, как я.



Здравствуйте. Отчисляются ли пенсионные взносы для тех, кто вышел на пенсию как многодетная мать с 5-мя детьми?


ҚР Еңбек кодексі 126-2-бап бойынша өзгеде кепілдіктері беріледі деген. Сол өзгеде кепілдіктерді толық қайдан қарауға болады?


Последние комментарии






Вы юрист? Нужны новые клиенты?
Разместите информацию о себе

- Это бесплатно

- Информация о 5 лучших юристах на всех страницах сайта

- Эту рекламу видят более 10 000 посетителей в день

- Для поднятия рейтинга надо отвечать на вопросы пользователей

Зарегистрироваться