Ст. 64 ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V
ҚР Қылмыстық-процестік кодексi
64-бап. Күдікті
1. Мыналар: 1) өзіне қатысты күдікті ретінде тану туралы прокурормен келісілген қаулы шығарылған;
1-1) прокурор адамды күдікті деп тану туралы қаулыны келісуден бас тартқан кезге дейін осы Кодекстің 202-бабының 1-2-бөлігінде көзделген тәртіппен күдікті ретінде жауап алынған;
2) осы Кодекстің 131-бабының тәртібімен ұстап алынған;
3) өзіне қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы прокурор не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурормен келісілген қаулы шығарған;
4) қылмыстық теріс қылық немесе осы Кодекстің 191-бабының екінші – 11-1-бөліктерінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деген күдіктің болуына байланысты жауап алынған адам күдікті болып табылады.
2. Қылмыстық қудалау органы ұстап алу кезінде, күдіктінің қатысуымен кез келген тергеу әрекеттерін жүргізуді бастамас бұрын дереу күдіктіге оның осы Кодексте көзделген құқықтарын түсіндіруге міндетті, ол туралы ұстап алу хаттамасында, күдіктіден жауап алу хаттамасында және адамды күдікті деп тану және күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыларда белгі жасалады.
3. Күдікті ұстап алынған жағдайда ұстап алу туралы хаттама жасалған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешiктiрiлмей, оның өзi таңдаған немесе тағайындалған қорғаушымен алғашқы жауап алуға дейiн оңаша және құпия кездесу құқығы қамтамасыз етiле отырып, одан жауап алынуға тиiс. Ұстап алынған күдікті өзiнiң тұрғылықты жерiне немесе жұмыс орнына өзiнiң ұсталғандығы және ұсталып отырған жерi туралы телефон арқылы немесе өзге де тәсiлмен дереу хабарлауға құқылы.
Ұстап алу туралы хабар сотқа дейінгі тергеп-тексеруге кедергі келтіруі мүмкін деп пайымдауға негіздер болған кезде, ұстап алуды жүзеге асырған қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы ұстап алынған адамның кәмелетке толған отбасы мүшелерін, жақын туыстарын өзі хабардар ете алады. Мұндай хабарлау кейінге қалдырылмай жасалуға тиіс.
Осындай хабарлау фактісі туралы ұстап алу хаттамасында белгі жасалады, онда ұстап алынғаны туралы хабарлаудың уақыты мен тәсілі көрсетіледі.
4. Күдікті қылмыстық қудалау органына келуден жалтарған жағдайда, одан күдіктің мәні бойынша ол күштеп әкелінгеннен кейін дереу, ал қалған жағдайларда – қорғаушымен оңаша кездесу құқығын сақтай отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталардан кешіктірілмей жауап алынуға тиіс.
5. Күдіктіден оған қарсы қолда бар күдікке қатысты, сол сияқты іс бойынша маңызы бар, оған белгілі өзге де мән-жайлар және дәлелдемелер жөнінде жауап алынуға тиіс.
6. Егер күдікті бірінші жауап алу басталғанға дейін өзінің айғақтар беруден бас тарту құқығын пайдаланбаса, оған өзінің айғақтары қылмыстық процесте, оның ішінде кейіннен ол осы айғақтардан бас тартқан кезде де дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін екендігі туралы ескертілуге тиіс.
7. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы күдікті негізсіз деп тапса, осы Кодексте белгіленген тәртіппен оған қатысты қолданылған процестік мәжбүрлеу шараларының күшін жоюға дереу шаралар қолдануға міндетті.
8. Адамның күдікті жағдайында болуы ол айыпталушы мәртебесін алған немесе оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған кезден бастап тоқтатылады.
9. Күдікті:
1) ұстап алуды жүзеге асырған адамнан өзіне тиесілі құқықтар туралы түсіндірме алуға;
2) өзіне не үшін күдік келтірілгенін білуге;
3) өз бетінше немесе өзінің туыстары немесе сенім білдірген адамдары арқылы қорғаушы шақыруға құқылы. Егер қорғаушыны күдікті, оның туыстары немесе сенім білдірген тұлғалары шақырмаса, қылмыстық қудалау органы осы Кодекстің 67-бабының үшінші бөлігінде көзделген тәртіппен қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге міндетті;
4) іс бойынша азаматтық талап қойылуына байланысты өзін азаматтық жауапкер деп таныған жағдайда оның құқықтарын пайдалануға;
5) таңдаған немесе тағайындалған қорғаушысымен, оның ішінде жауап алу басталғанға дейін оңаша және құпия кездесуге;
6) күдікті қорғаушыдан бас тартқан жағдайларды қоспағанда, қорғаушысы қатысып отырған кезде ғана айғақ беруге;
7) күдікті, азаматтық жауапкер деп тану туралы, іс-әрекетін саралау туралы қаулылардың, ұстап алу хаттамасының, бұлтартпау шарасын таңдау және оның мерзімін ұзарту туралы өтінішхаттың және қаулының, қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының көшірмелерін алуға;
8) айғақ беруден бас тартуға;
9) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамнан кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын және күзетпен ұстауға байланысты емес басқа шараларды қолдану тәртібі мен шарттары туралы түсіндірме алуға;
10) дәлелдемелерді ұсынуға;
11) өтінішхатты, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхатты және қарсылық білдірулерді мәлімдеуге;
12) ана тілінде немесе өзі білетін тілде айғақ беруге;
13) аудармашының тегін көмегін пайдалануға;
13-1) өзіне қатысты сотқа дейінгі пробацияны жүргізу үшін пробация қызметіне жүгінуге;
14) өз өтінішхаты бойынша немесе қорғаушысының не заңды өкілінің өтінішхаты бойынша жүргізілетін тергеу әрекеттеріне қылмыстық қудалау органының рұқсатымен қатысуға;
15) заңда көзделген жағдайларда, оның ішінде медиация тәртібімен жәбірленушімен татуласуға;
16) тергеп-тексерудің кез келген сатысында жазалаудың түрі мен шарасы туралы өз ұсыныстарын баяндай отырып, прокурорға процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге не оны жасасуға келісім білдіруге және процестік келісімді жасасуға;
16-1) қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс туралы іс бойынша бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы өтінішхат мәлімдеуге;
Ескертпе!
ҚР Конституциялық Сотының 04.05.2024 № 43-НҚ нормативтік қаулысын қараңыз.
17) өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және хаттамаларға ескертулер беруге;
18) тергеушінің, анықтаушының, прокурордың және соттың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағым келтіруге;
19) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен қорғауға;
20) сараптама тағайындалған және жүргізілген кезде, сондай-ақ өзіне сарапшының қорытындысы ұсынылған кезде осы Кодекстің 274, 286-баптарында көзделген әрекеттерді жүзеге асыруға;
21) тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін осы Кодексте белгіленген тәртіппен іс материалдарымен танысуға және одан, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, кез келген мәліметтерді көшіріп алуға, сондай-ақ ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, олардың көшірмелерін түсіруге;
22) қылмыстық қудалауды тоқтатуға қарсылық білдіруге;
23) жасырын тергеу әрекеттеріне қатысты мәселелерді қоспағанда, өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын процестік шешімдердің қабылданғаны туралы өзін қылмыстық процесті жүргізетін органның кейінге қалдырмай хабардар етуіне, сондай-ақ олардың көшірмелерін алуға;
24) өзіне қарсы айғақ берген куәден қосымша жауап алу туралы, өзі көрсеткен адамдарды куә ретінде шақыру және олардан жауап алу, олармен беттестіру туралы өтінішхат беруге құқылы.
10. Күдіктiнiң қорғаушысының немесе заңды өкiлiнiң болуы күдiктiнiң қандай да бір құқығын жоюға немесе шектеуге негiз бола алмайды.
Ескерту. 64-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 30.12.2016 № 39-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.12.2017 № 118-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.12.2020 № 384-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2021 № 88-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Лучшие юристы
Адвокат Тустаев Толеген Жангелдинович +77082675787, +77751122089 Telegram-WhatsApp Выезд в регионы либо онлайнАрман
Александр
michaelbates
Erik
Я думаю погуглите бейсбол, в свободное время много раз в него играл, довольно интересно для такого любителя спорта, как я.
hello, i need to
Здравствуйте. Отчисляются ли пенсионные взносы для тех, кто вышел на пенсию как многодетная мать с 5-мя детьми?
ҚР Еңбек кодексі 126-2-бап бойынша өзгеде кепілдіктері беріледі деген. Сол өзгеде кепілдіктерді толық қайдан қарауға болады?
Туған ағама бүйрек беріп донор болдым, инволидность боладыма, больничный қалай төленеді?
Разместите информацию о себе
- Это бесплатно
- Информация о 5 лучших юристах на всех страницах сайта
- Эту рекламу видят более 10 000 посетителей в день
- Для поднятия рейтинга надо отвечать на вопросы пользователей