Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Жол жүрiсi туралы
54-бап. Механикалық көлік құралы меншік иесінің және жүргізушісінің құқықтары мен міндеттері



Ст. 54 Жол жүрiсi туралы 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V



1. Механикалық көлік құралының меншік иесі уәкілетті органның лауазымды адамының талабы бойынша көрсетілген мерзімде өзінің механикалық көлік құралын жүргізу құқығын берген адамның жеке басын куәландыратын деректерді хабарлауға, сондай-ақ міндетті техникалық қарап тексеру үшін механикалық көлік құралы мен оның тiркемесiн уақтылы ұсынуға міндетті.

2. Механикалық көлік құралы жүргізушісінің:

1) тиісті санаттағы механикалық көлік құралын басқаруға, жолдарда жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға;

2) өзінің жеке меншігіндегі көлік құралын басқару және пайдалану құқығын тиісті санаттағы механикалық көлік құралын басқару құқығы бар басқа адамдарға жай жазбаша нысанда беруге;

3) жүргізушінің құжаттарын тексеруге немесе көлік құралын пайдалануға құқығы бар адамнан көлік құралын тоқтату себептеріне түсіндірме алуға;

4) жүргізушінің құжаттарын тексеруге немесе көлік құралын пайдалануға құқығы бар адамның тегі мен лауазымын жүргізушіге қызметтік куәлігін берместен онымен танысу арқылы анықтауға;

5) жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, егер зардап шеккендер болмаса, болған оқиғаның мән-жайларын бағалауда жүргізушілер өзара келіскен кезде оқиғаның схемасын алдын ала жасап және оған қол қойып, оқиғаны ресімдеу үшін ішкі істер органдарының жақын бөлімшесіне келуге;

6) аса қажет болған кезде, егер мән-жайларға байланысты туындаған қатердің алдын алу басқаша мүмкін болмаса, жол-көлік оқиғасының алдын алу, басқа да адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатерді болғызбау үшін бұл қажет болатын жағдайларда, Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті талаптарын орындаудан тартына тұруға құқығы бар.

3. Механикалық көлік құралының жүргізушісі:

1) мыналарды:

көлік құралын басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігін не жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлікті жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжатпен бірге;

көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті не көлік құралына меншік құқығын куәландыратын құжатты;

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру полисін және (немесе) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру полисін;

жол парағын, алып жүретін жүкке арналған құжатты (тауар-көліктік жүкқұжатты) және көлік құралына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де құжаттарды өзімен бірге алып жүруге және ішкі істер органдарының, көліктік бақылау органдарының уәкілеттік берілген лауазымды адамдарының талабы бойынша оларға тексеру үшін беруге;

2) ішкі істер, көліктік бақылау органдарының нысанды киім киген қызметкерінің дауыс күшейткіш құрылғысының көмегімен, ысқырып сигнал берумен бір мезгілде жүргізушіге түсінікті және орындалуы авариялық жағдай туғызбайтындай етіп дер кезінде берілуге тиіс көлік құралына бағытталған қол қимылымен немесе таяқшамен сигнал беруі арқылы көлік құралын тоқтату туралы талабы бойынша көлік құралын тоқтатуға;

3) көлiк құралының өздiгiнен жүріп кетуiн болғызбайтын шаралар қолданбай, сондай-ақ оны ішкі істер органдарының қызметкері тоқтатқан жағдайда, оның рұқсатынсыз көлiк құралын тастап кетпеуге;

4) ішкі істер органдары қызметкерінің талабы бойынша масаң күйін куәландырудан өтуге;

5) қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған көлік құралымен жүрген кезде белдікті тағуға және белдік тақпаған жолаушыларды тасымалдамауға;

6) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген жағдайларда жол жүрісі қағидаларын білуін тексеруден өтуге;

7) көлік құралын:

шығындарды өтеттіре отырып, медициналық көмек көрсету үшін жол-жөнекей бағытта кетiп бара жатқан медицина қызметкерлерiне, сондай-ақ жедел медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды емдеу мекемелерiне жеткізу үшiн, сондай-ақ терроризмге қарсы операциялар жүргізу кезінде жүру бағытына қарамастан, медицина қызметкерлерiне, iшкi iстер органдарының және ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлерiне;

жол-көлік оқиғалары кезiнде бүлінген көлiк құралдарын тасымалдау, дүлей зілзала болған жерге бару үшiн iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда iшкi iстер органдарының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметi мен ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлерiне беруге;

8) жол-көлік оқиғасы кезінде оған қатысы бар жүргізуші:

жол жүрісі қағидаларының талаптарына сәйкес көлік құралын дереу тоқтатуға (орнынан қозғамауға), авариялық жарық сигнал беруін қосуға және авариялық тоқтау белгісін (жанып-сөнетін қызыл фонарь) қоюға, оқиғаға қатысы бар заттарды қозғамауға;

зардап шеккендерге дәрiгерге дейiнгi медициналық көмек көрсету үшiн ықтимал шараларды қолдануға, жедел медициналық жәрдем шақыруға, ал шұғыл жағдайларда зардап шеккендердi жол-жөнекей көлікпен жөнелтуге, егер бұл мүмкiн болмаса, өзiнiң көлiк құралымен жақын жердегi емдеу мекемесiне жеткiзуге, өзiнiң тегiн, көлiк құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін хабарлауға (жеке басын куәландыратын құжатты немесе жүргiзушi куәлiгiн және көлiк құралына берілген тiркеу құжатын көрсете отырып) және оқиға болған жерге қайтып келуге;

осы баптың 2-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, болған оқиға туралы жақын жердегi iшкi iстер органына дереу хабарлауға, оны көргендердiң тектерi мен мекенжайларын жазып алуға және iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң келуiн күтуге;

егер басқа көлiк құралдарының жүруі мүмкiн болмаса, жолдың жүру бөлiгiн босатуға;

жолдың жүру бөлiгін босату қажет болған кезде оқиғаға қатысы бар көлiк құралының орналасуын, iздер мен заттарды куәлардың қатысуымен алдын ала белгiлеп, оларды сақтауға барлық ықтимал шараларды қолдануға және оқиға болған жердi айналып өтудi қамтамасыз етуге мiндеттi.

4. Жүргізушіге:

1) көлік құралын басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігінсіз не жүргізуші куәлігінің орнына берілген, жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжатпен бірге уақытша куәліксіз көлік құралын басқаруға;

2) масаң күйде (алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық); реакциясын және назар аударуын нашарлататын дәрілік препараттардың әсерімен; жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін сырқат немесе шаршаулы күйде көлік құралын басқаруға;

3) шыққан жылын қоса алғанда, шығарылғанына жеті жылдан аспаған, автомобиль көлiгi саласындағы кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылмайтын М1 санатындағы көлiк құралдарын қоспағанда, ақауы бар көлiк құралын, мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлiк құралын басқаруға;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын және (немесе) тасымалдаушының жолаушылардың алдындағы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасаспаған иесiнің көлiк құралын басқаруға;

5) мемлекеттiк тiркеу нөмiрі белгiлерi болмаған немесе олар тiркеу құжаттарына сәйкес келмеген жағдайларда көлiк құралын басқаруға;

6) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

7) реакциясын және назар аударуын нашарлататын дәрілік препараттардың әсерінен масаң күйдегі, сырқат немесе шаршаулы күйдегі адамдарға, сондай-ақ жүргізуге оқып-үйренушілерден басқа, өзімен бірге осы санаттағы көлік құралын басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігі (жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлігі және жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты) жоқ немесе жол (маршрут) парағында көрсетілмеген адамдарға көлік құралын басқаруға беруге;

8) ұйымдастырылған (оның ішінде жаяулардың да) колонналарды кесіп өтуге және олардың арасынан орын алуға;

9) телефонды не радиостанцияны тыңдауыш немесе қатты дауысты байланысты қолдану арқылы пайдалануды қоспағанда, көлік құралын басқару кезінде оларды пайдалануға;

10) тежегiштiң жұмыс жүйесi немесе рульмен басқаруы iстемейтiн, ілініс құрылғысы (поезд құрамында) жарамсыз, сондай-ақ тәулiктiң қараңғы уақытында жолдарда жасанды жарықтандыру болмағанда немесе көрінуі жеткіліксіз жағдайларда – шамдары және (немесе) артқы габариттік оттары жанбайтын (жоқ), жаңбыр немесе қар жауып тұрғанда алдыңғы терезе тазалағыштары жарамсыз көлiк құралын басқаруға;

11) өзінің қатысы бар жол-көлік оқиғасынан кейін не ішкі істер органдары қызметкерінің талабы бойынша көлік құралы тоқтатылғаннан кейін, уәкілетті лауазымды адам масаң күйді анықтау мақсатында куәландырудан өткізгенге дейін немесе уәкілетті лауазымды адам осындай куәландыруды жүргізуден босату туралы шешім қабылдағанға дейін алкоголь ішімдіктерін, есірткі немесе психотроптық заттарды пайдалануға;

12) жаяу жүргіншілердің өткелдерінде және тротуарлардың немесе жол жиектерінің сызығы бойынша жол қиылыстарында; тоннельдерде; көпірлерде, жолөткелдерде, эстакадаларда және олардың астында; теміржол өтпелерінде; жолдың жүру бөлігінің көріну мүмкіндігі бір жүз метрден кем жерлерде; аялдау пункттері орналасқан жерлерде кері бұрылуға;

13) жол қиылыстарында және кері бұрылуға тыйым салынған жерлерде артқа жүруге;

14) төрт немесе одан да көп жолағы бар екiжақты жүру жолдарында жолдың қарсы жүруге арналған жағына шығуға;

15) үш жолағы бар, олардың ортаңғысы екi бағытта да жүру үшін пайдаланылатын екiжақты жүру жолдарында қарсы жүруге арналған шеткі сол жақтағы жолаққа шығуға;

16) белгіленген тәртіппен айқындалған ең жоғары жылдамдықтан асыруға; көлік құралына орнатылған «Жылдамдықты шектеу» таным белгісінде көрсетілген жылдамдықтан асыруға;

17) басқа көлік құралдарына кедергі келтіруге;

18) егер бұл жол-көлік оқиғасын болғызбау үшін қажет етілмесе, кілт тежеуге;

19) жүру жылдамдығын арттырумен немесе өзге де әрекеттермен басып озып бара жатқан көлік құралының басып озуына кедергі келтіруге;

20) мынадай:

реттелетін жол қиылыстарында қарсы жүру жолағына шыға отырып;

реттелмейтін жол қиылыстарында бағытын өзгертетін басты жолмен (рұқсат етілген оң жағынан басып озуды қоспағанда) және басты болып табылмайтын жолмен (шеңберлі жүрісті жол қиылыстарындағы басып озуды, қапталында тіркемесі жоқ екі дөңгелекті көлік құралдарын басып озуды және рұқсат етілген оң жағынан басып озуды қоспағанда) жүру кезінде;

жаяу жүргiншiлер өткелдерiнде жаяу жүргiншiлер болған кезде;

теміржол өтпелерiнде және олардың алдында бір жүз метрден жақын жерде;

басып озып немесе айналып өтiп келе жатқан көлiк құралын;

өрге көтерілу соңында және көрінуi шектеулі басқа жол учаскелерiнде қарсы жүру жолағына шыға отырып, басып озуға;

21) мынадай:

егер бұл трамвайлардың жүруіне кедергi келтірсе, трамвай жолдарына тiкелей жақын жерде;

теміржол өтпелерінде, тоннельдерде;

эстакадаларда, көпірлерде, жолөткелдерде (егер осы бағытта жүру үшін жолақ үштен кем болса) және олардың астында (жолақтардың санына қарамастан);

егер бұл көлiк құралдарының жүруіне кедергi келтірсе, тоқтаған көлiк құралы мен тұтас таңбалау сызығы (жолдың жүру бөлiгiнiң шетiн белгiлейтiннен басқа) немесе жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы шетi немесе жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы шетiнде тұрған көлiк құралы арасындағы қашықтық үш метрден кем болатын жерлерде;

жаяу жүргiншiлер өткелдерiнде және олардың алдындағы бес метрден жақын жерде;

ең болмағанда бiр бағытта жолдың көрiнуi бір жүз метрден кем болған кезде қауiптi бұрылысқа және жолдың бойлық қимасының дөңес құлдималарына жақын жолдың жүру бөлігінде;

қапталдағы өтпенiң қарсысындағы тұтас таңбалау сызығы немесе бөлу жолағы бар үшжақты қиысу (қиылыс) жағын қоспағанда, жолдың жүру бөлiктерінiң қиылысында және жолдың қиылысатын жүру бөлiгiнiң шетiне отыз метрден жақын жерде;

аялдама алаңдарында және оларға он бес метрден жақын жерде, ал олар болмаған кезде маршруттық көлік құралдары немесе такси аялдамасының нұсқағышынан он бес метрден жақын жерде;

көлiк құралы басқа жүргiзушiлерден бағдаршам сигналдарын, жол белгiлерiн көлегейлейтін немесе басқа көлiк құралдарының жүруіне (кiруiне немесе шығуына) мүмкiндiк бермейтiн немесе басқа көлік құралдары мен жаяу жүргiншiлердiң жүруіне кедергi (кептеліс) келтіретін жерлерде;

гүлзарларда, көгалдарда, балалар және спорт алаңдарында тоқтауға;

22) мынадай:

тоқтауға тыйым салынған жерлерде;

эстакадаларда, көпiрлерде, жолөткелдерде;

елдi мекендерден тыс жерлерде «Басты жол» жол белгiсiмен белгiленген жолдың жүру бөлiгiнде;

теміржол өтпелеріне елу метрден жақын жерде;

егер тұрғындарға қолайсыздық келтіретін болса, елдi мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлiк құралдарының;

гүлзарларда, көгалдарда, балалар және спорт алаңдарында тоқтап тұруына;

23) бұл жол жүрісіне басқа қатысушыларға кедергi немесе қауiп келтірмейтініне көз жеткiзбейiнше, көлiк құралының есiктерін ашуға, оларды ашық қалдыруға немесе жолдың жүру бөлiгiне шығуға;

24) егер көлiк құралдарының көлденең бағытта жүруіне кедергi келтіре отырып, жүргiзушiнi тоқтауға мәжбүр ететiн кептеліс пайда болса, жол қиылысына немесе жолдың жүру бөлiктерінің қиылысына шығуға;

25) жүргiзушiге шолуды шектейтiн жол-жөнекей бағытта жүріп бара жатқан көлiк құралдарының алдына түсуге;

26) егер жүргiзушiнi жаяу жүргiншi өткелiнде тоқтауға мәжбүр ететiн, өзінен кейін кептеліс пайда болса, жаяу жүргiншi өткелiне шығуға;

27) мынадай:

шлагбаум жабық тұрған немесе ол жабыла бастаған кезде (бағдаршам сигналына қарамастан);

бағдаршамның тыйым салатын сигналы кезiнде (шлагбаумның орналасуына және оның бар-жоғына қарамастан);

өтпе кезекшiсінiң тыйым салатын сигналы кезiнде (кезекшi жүргiзушiге кеудесімен немесе арқасымен тұрған, таяқша, қызыл фонарь немесе жалауша ұстаған қолын жоғары көтерген не қолдарын екі жаққа созған);

егер өтпенiң арғы жағында жүргiзушiні өтпеде тоқтауға мәжбүр ететiн кептеліс пайда болса;

егер көрiну шегiнде өтпеге поезд (локомотив, дрезина) жақындап қалса, теміржол өтпесіне шығуға;

28) теміржол өтпелерінен тыс жерде теміржолдардан өтуге;

29) қарсы жүру жолағына шыға отырып, теміржол өтпесі алдында тұрған көлiк құралдарын айналып өтуге;

30) теміржол өтпесіндегі шлагбаумды өз бетімен ашуға;

31) теміржол дистанциясы бастығының рұқсатынсыз теміржол өтпесі арқылы ауыл шаруашылығы, жол, құрылыс және басқа да машиналар мен механизмдердi көлiктен тыс жағдайда өткізуге, жылдамдығы сағатына сегіз километрден кем баяу жүретiн машиналардың, сондай-ақ трактор шана-сүйретпелерінің жүруіне;

32) автомагистральдарда:

велосипедтерді, мопедтерді, тракторларды және өздiгiнен жүретiн машиналарды, сондай-ақ техникалық сипаттамалары немесе олардың жай-күйі бойынша жылдамдығы сағатына қырық километрден кем өзге де көлiк құралдарын басқаруға;

рұқсат етiлген ең жоғары массасы үш жарым тоннадан асатын жүк автомобильдерiн екiншi жолақтан әрі басқаруға;

«Тұрақ орны» немесе «Демалыс орны» жол белгілерімен белгіленген, тұраққа арналған арнайы алаңдардан тыс жерлерге тоқтауға;

бөлу жолақтарының технологиялық айырымдарында керi бұрылуға және оған кiруге;

артқа қарай жүруге;

жүргізіп үйренуге;

33) тұрғын аймақта:

көлiк құралдарының толассыз жүруіне;

жолдың жүру бөлiгiнен тысқары жерде көлік құралының жүруіне;

жүргізіп үйренуге;

қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған күйде тоқтап тұруға;

рұқсат етiлген ең жоғары массасы үш мың бес жүз килограмнан асатын жүк автомобильдерiнiң, автобустардың арнайы бөлiнген әрі белгiлермен және (немесе) таңбалармен белгіленген орындардан тыс тоқтап тұруына;

дыбыс сигналын беруге, музыканы қатты қосуға;

тротуарларда, көгалдарда, балалар және спорт алаңдарында тоқтап тұруға;

34) иiлгiш немесе қатты тiркемемен сүйреткен кезде – сүйретiлетiн автобуста (троллейбуста) және сүйретiлетiн жүк автомобилiнiң шанағында жолаушылардың болуына, ал таразыға тарту немесе ішінара тиеу арқылы сүйреткен кезде сүйретiлетiн көлiк құралының кабинасында немесе шанағында, сондай-ақ сүйретушінің шанағында жолаушылардың болуына жол беруге;

35) мынадай:

рульмен басқаруы iстемейтiн көлiк құралын (аспалы түрде немесе жартылай тиеу әдісімен сүйретуге жол берiледi);

екi және одан көп көлiк құралын;

егер нақты массасы сүйрейтiн көлiк құралының нақты массасының жартысынан артық болса, тежеу жүйесi iстемейтiн көлiк құралын сүйретуге тыйым салынады. Нақты массасы аз болған кезде мұндай көлiк құралын қатты тіркемемен немесе ішінара тиеу әдiсiмен ғана сүйретуге жол берiледi;

қапталдағы тiркемесi жоқ мотоциклмен, сондай-ақ мұндай мотоциклдi;

көктайғақта иiлгiш тiркемемен сүйретуге;

36) жолаушыларды:

автомобильдiң (борт платформасы бар жүк автомобилiнiң шанағында немесе фургон шанақта жолаушыларды тасымалдау жағдайларынан басқа), трактордың, өздiгiнен жүретiн машинаның кабинасынан тыс, жүк тiркемесiнде, тіркеме-үйшікте, жүк мотоциклiнiң шанағында және мотоцикл конструкциясында отыру үшін көзделген орындардан тыс;

көлiк құралының техникалық сипаттамасында көзделген санынан артық тасымалдауға тыйым салынады, бұл ретте көлiк құралының нақты массасы жасаушы кәсiпорын белгiлеген рұқсат етiлген ең жоғары масса шамасынан аспауға тиiс;

мотоциклдiң артқы орындығында масаң күйде;

жүк автомобилiнiң шанағында отыру үшiн жабдықталған санынан артық;

түнгі уақытта (сағат 23-тен таңғы 06 сағатқа дейін) жолаушылар мен багажды қалааралық, облысаралық, ауданаралық (облыс ішінде қалааралық) және халықаралық қатынастарда автобустармен және микроавтобустармен тұрақты емес тасымалдар арқылы тасымалдауға;

37) он екі жасқа дейінгі балаларды:

мотоциклдің артқы орындығында;

балаларды арнайы ұстау құрылғысы немесе баланы қауіпсіздік белдігінің көмегімен тағып қойылуына мүмкіндік беретін, көлік құралының конструкциясында көзделген өзге де құралдар болмаған кезде, ал механикалық көлік құралының алдыңғы орындығында балаларды арнайы ұстау құрылғысы болмаған кезде тасымалдауға тыйым салынады.

Ескертулер.

1. Әскери көлік құралдарының жүргізушілері әскери полиция органдары қызметкерлерінің талабы бойынша масаң күйге куәландырудан өтуге міндетті.

2. Көлік құралын беру туралы талап тиісті иммунитеті бар шет мемлекеттер өкілдіктерінің және халықаралық ұйымдардың көлік құралдарына қолданылмайды.

3. Осы баптың 3-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген, көлік құралын пайдаланған адамдар жүргізушінің талабы бойынша анықтама беруге немесе жол парағына (жолдың ұзақтығын, жүріп өткен қашықтықты, өзінің тегін, лауазымын, қызметтік куәлігінің нөмірін, өз ұйымының атауын көрсете отырып) жазба жасауға тиіс.

4. Мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлерiне көлiк құралын беруге байланысты шығыстарды көлiк құралы иесiнiң талабы бойынша өз құзыреті шегінде уәкілетті органдар белгiлеген тәртiппен осы ұйымдар өтейдi.

5. Жол жүргенде көлiк құралдарын пайдалануға тыйым салатын және жүргiзушi анықтай алатын өзге де ақаулар мен жағдайлар туындаған кезде ол бұларды жоюға тиiс, ал егер бұл мүмкiн болмаса, онда қажеттi сақтық шараларын сақтай отырып, тұрақ немесе жөндеу орнына бара алады.

 Ескерту. 54-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 ...52 53 54 55 56 ...95 

Перейти к статье
Скачать бесплатно Жол жүрiсi туралы 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V 

Задать вопрос на юридическом форуме



Добавить комментарий к 54-бап Жол жүрiсi туралы 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V